Сортөбе ауылындағы №16 орта мектептің өз мұражайы бар. Мұнда білім ошағының тарихымен қатар, ауыл мен елдің өткенінен сыр шертетін 700-ге жуық жәдігер жинақталған. Мектеп ұжымы бұл мұраны жас ұрпаққа үлгі-өнеге болар тағылым алаңы ретінде пайдаланып келеді.

№16 орта мектеп 1981 жылы ашылған. Қазір білім ордасында 1600 оқушы оқып, 150-ге жуық мұғалім мен қызметкер еңбек етеді.

Мектептегі музей 2022 жылы ашылған. Оған дейін білім ошағының қабырғаларында мектеп тарихы мен жетістіктері туралы түрлі стендтер болған. Кейін олардың қатарын толықтырып, арнайы мұражай жасау туралы бастама көтерілген.

Мұнда Сортөбе ауылынан шыққан 60-қа жуық белгілі азамат пен Ұлы Отан соғысының ардагерлері туралы деректер жинақталған. Сондай-ақ ескі тігін машинасы, түрлі кезеңдерге тиесілі теңгелер, қолөнер бұйымдары мен ұлттық киімдер секілді тарихи жәдігерлер бар.

Мектеп директоры Гащим Джинлирдің айтуынша, мұражайдың негізгі мақсаты – оқушыларға өз мектебінен түлеп ұшқан азаматтардың өмір жолын үлгі ету.

– Мұражай 2022 жылы ашылды. Бұған дейін мектепке келген қонақтарға қабырғадағы стендтер арқылы тарихымыз бен жетістіктерімізді таныстыратынбыз. Бірде мектепті таныстырып жүріп, осындай мұражай ашсақ деген ой келді. Негізгі мақсатымыз – оқушыларымыз мектеп түлектерінен үлгі алып, жақсы оқуға, үздік болуға ұмтылса деген ниет, – дейді мектеп директоры.

№16 мектептің тарихында елге танылған талай түлек бар. Олардың қатарында ғылым кандидаттары, ауданның Құрметті азаматтары, «Айбын» орденінің иегерлері және спорттан әлем чемпиондары да кездеседі. Бұл жетістіктер де мұражай төрінен орын алған. 

Мектеп түлектері өздері білім алған қара шаңыраққа қолдау көрсетуді де дәстүрге айналдырған. Олар 11 миллион теңгеге жуық қаражат жинап, мектеп ауласына балалар ойын алаңын салып берген.

Ал мұражайдың мүмкіндігін одан әрі кеңейту үшін жаңа ғимараттың құрылысы да басталған. Жоба аяқталған соң, мұнда мектеп пен ауыл тарихына қатысты жәдігерлерді кеңірек орналастыруға мүмкіндік туады.

Сөйтіп, Сортөбедегі №16 мектеп өз тарихын сақтап қана қоймай, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуді де жолға қойған. Мұндағы әр жәдігер – өткеннің белгісі болса, мектеп түлектерінің жетістігі бүгінгі шәкірттерге бағыт-бағдар беретін өнеге.