Қордай ауданында заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне арналған форум өтті. Жиында бала құқығын қорғау, ата-ана жауапкершілігі, жасөспірімдердің тәртібі мен тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жыл басынан бері ауданда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында бірқатар жұмыс атқарылған. Сегіз айда 520 рейдтік және 169 мектепішілік іс-шара ұйымдастырылып, полиция бөліміне 1229 жасөспірім жеткізілген. Олардың 1198 заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қазір аудан бойынша кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімнің жеке алдын алу тізімінде 19 жасөспірім бар. Ал жыл басынан бері 28 жасөспірім есепке қойылған.

Сонымен қатар биыл төрт ата-ана құқығынан айырылған немесе шеттетілген. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруіне байланысты мыңдаған ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Дегенмен жасөспірімдерге қатысты қылмыс саны 35 пайызға төмендеген.

– 2026 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша жасөспірімдердің құқық бұзушылығының алдын алу бойынша 520 рейдтік іс-шара, 169 мектепішілік іс-шара өткізіліп, 1229 жасөспірім полиция бөліміне жеткізілді. 1198 заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Сәкен Әмірбеков.

Форум барысында әкімшілік құқық бұзушылықтармен қатар, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мектептегі тәртіп пен қауіпсіздік, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі сөз болды.

Мамандардың айтуынша, ата-ананың бала өміріне жеткілікті көңіл бөлмеуі, бақылаудың әлсіздігі және жасөспірімнің бос уақытын қадағаламау құқық бұзушылыққа әкелетін негізгі себептердің бірі.

Осы бағытта білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігі айтылды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Ғалым Әлімжанов мектептерде «Адал азамат» бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыру, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және ішкі тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын тұрақты бақылауда ұстау маңызды екенін атап өтті.

– Білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шараларды бір реттік акция деңгейінде қалдырмай, тұрақты профилактикалық жұмысқа айналдыру қажет. Сондай-ақ мектептердің ішкі қауіпсіздік талаптарын, тәртіп мәдениетін және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін тұрақты бақылауда ұстау керек, – деді Ғалым Әлімжанов.

Жиында жастар арасындағы әлімжеттік, қоғам алдындағы жауапкершілік және бала тәрбиесіндегі ата-ананың ықпалы да талқыланды.

Ал аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет жастар тәрбиесіне ауыл ақсақалдарын кеңінен тартуды ұсынды. Оның пікірінше, әр ауылда жастарға бағыт-бағдар беретін тәлімгерлерді бекіту – өскелең ұрпақтың тәрбиесіне оң әсер етуі мүмкін.

Форумға ауылдық округ әкімдері, ақсақалдар, құқық қорғау органдарының өкілдері, имамдар, ұстаздар мен оқушылар қатысты.