Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Германияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хайке Пайчпен кездесіп, екіжақты сауда-экономикалық байланысты нығайту мәселелерін талқылады. Тараптар өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне назар аударды, деп хабарлайды Korday24news.kz ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Германия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі экономикалық серіктестерінің бірі. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 4,5 млрд долларға жетіп, 13,4 пайызға өсті. Ал 2005 жылдан бері Германиядан тартылған инвестицияның жалпы көлемі 8 млрд долларды құрады. Қазір Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 1100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында Knauf, CLAAS, HORSCH және Heidelberg Materials компаниялары бар.

Алдағы уақытта тараптар өндіріс орындарының жұмысын кеңейтуге, жергілікті өндіріс үлесін арттыруға және қазақстандық жеткізушілерді тартуға басымдық бермек. Сонымен қатар қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайтып, қазақстандық өндірушілердің Германия нарығындағы орнын нығайту көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстар 2026-2028 жылдарға арналған Жол картасы аясында жүзеге асады.

Кездесуде Орталық Азияның өңірлік байланыстар мен халықаралық сауданы дамытудағы рөлі де сөз болды. Германияның Қазақстандағы елшісі Хайке Пайч Германия мен Еуропа елдерінің сауда бағыттарын кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығуы үшін аймақтағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін атап өтті.

Серік Жұманғарин Орталық Азияның даму мүмкіндіктері оңтүстік бағыттағы көлік қатынасын жетілдірумен тығыз байланысты екенін айтты. Қазақстан көлік бағыттарын әртараптандыруға және өңір елдерімен байланысты нығайтуға мүдделі. Осы орайда Ауғанстан арқылы Пәкістанға шығатын теміржол салу жобасы қарастырылып жатыр. Қазақстан, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері аталған жоба бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған.

Хайке Пайчтың айтуынша, мұндай көлік бағыттарын дамыту Орталық Азия елдерімен қатар Германия үшін де маңызды. Өйткені өңір Еуропа мен Азия нарықтарын байланыстыратын маңызды буынға айнала алады. Бұл ретте теміржол қатынасымен қатар, сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге мүмкіндік беретін цифрлық коммуникацияларды, газ және мұнай құбырларын дамыту мәселесі де өзекті.

Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және Қазақстан мен Германия арасындағы байланыстың негізгі бағыттары бойынша тұрақты диалогті жалғастыруға келісті.