Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында армияны жаңғырту, әскери басқару жүйесін жетілдіру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Отырыс қорытындысында Әскери реформа жоспары мақұлданды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Мемлекет басшысы бұған дейін қорғаныс саласын реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеп, оны Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізуді тапсырған. Президент қысқа мерзімде заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құрудың маңызын атап өтті.
– Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Отырыста Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева Әскери реформа жоспарының негізгі бағыттарын таныстырды. Құжатты әзірлеу кезінде әскер жасақтаудың халықаралық тәжірибесі, ұрыс қимылдарын жүргізудің заманауи тәсілдері және отандық мамандардың ұсыныстары ескерілген.
Жоспарда бүкіл әскери жүйенің тиімділігін арттыруға бағытталған өзгерістер қарастырылған. Атап айтқанда, Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, басқару және қорғанысты жоспарлау тетіктерін жетілдіру, Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру, сондай-ақ армияның негізгі құрамдас бөліктерін нығайту көзделген.
Реформа аясында мерзімді әскери қызметті екі кезеңге бөлу жоспарланған. Алғашқы алты айда әскерге шақырылғандар оқу орталықтарында дайындықтан өтеді. Кейінгі алты айда әскери бөлімдерде қызмет атқарады. Бұл уақытта жауынгерлік даярлыққа және бөлімшелер құрамында нақты міндеттерді орындауға басымдық беріледі.
Әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру көзделген. Сонымен қатар әскери жарғыға қайшы әрекеттерге жол бермеу және тәртіпті күшейту шаралары қолға алынады.
Бұдан бөлек, «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту жоспарланған. Мамандандырылған әскери мектептер желісі кеңейтіліп, бастапқы әскери даярлық жетілдіріледі.
Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қарулы Күштерді жаңғырту жоспары туралы баяндады.
Реформаның тағы бір бағыты – Қарулы Күштердің жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегиясын қабылдау. Сондай-ақ Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидатына сай тәрбие жұмыстарының сапасын арттыру көзделген. Бұл шаралар әскердегі тәртіпті нығайтып, қоғамның армияға деген сенімін арттыруға бағытталған.
Жоспардағы ұйымдастыру шаралары осы жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістер келесі жылы іске асырылмақ.
Жиын барысында Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссия жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Президент әскери қауіпсіздік бүкіл мемлекетке ортақ міндет екенін еске салып, осы бағытта барлық мүдделі органның үйлесімді жұмыс істеуі қажеттігін атап өтті.
Әскери реформа жоспарының орындалуын үйлестіру Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне жүктелді. Мемлекет басшысы жоспарланған өзгерістерді белгіленген мерзімде әрі толық жүзеге асырудың маңызын айтты.
