Сортөбе ауылында белсенді жастардың бастамасымен тазалық пен қауіпсіздік бағытындағы жұмыстар қолға алынған. Қазір екі ауылдың тұрмыстық қалдығын шығаратын арнайы көлік жұмыс істеп, ерікті жастар өрт сөндіру ісіне де атсалысып жүр.
Сортөбе ауылдық округінде 26 мыңнан астам адам тұрады. Елді мекеннің көлемі үлкен болғандықтан, жергілікті тұрғындардың өзара көмегін ұйымдастыру мақсатында ауыл ақсақалдарының бастамасымен жастар тобы құрылған. Бүгінде оның құрамында 300-ге жуық адам бар.
Жастар тобының жетекшісі Двумар Сава ауылға қажетті жұмыстарға қолдан келгенше атсалысуға ниетті екенін айтады.
– Ауылымыз үлкен болғандықтан, қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз. Бастама көтеріп, өрт сөндіру көлігін алдық. Сонымен қатар тазалық жұмыстарына да атсалысып келеміз. Мына тұрған көлік екі ауылдың тұрмыстық қалдығын шығарады. Ол күн сайын жұмыс істейді. Ал өрт сөндіру көлігіне де қажет болған жағдайда бірден шығып, тілсіз жаумен күресуге күш саламыз, – дейді Двумар Сава.
Жастар тобының жұмысына қажетті жағдай да жасалған. Техникаға арналған тұрақты орыннан бөлек, топ мүшелерінің бос уақытын тиімді өткізуіне және спортпен шұғылдануына мүмкіндік қарастырылған.
Сортөбе ауылдық округінің әкімі Рустам Фушанло белсенді жастардың еңбегін тұрғындар жоғары бағалап отырғанын атап өтті.
– Тұрғындар өрт болған жерге дер кезінде барып, оны сөндіруге атсалысып жүрген жастарға ризашылықтарын білдіреді. Бұдан бөлек, жігіттер тұрмыстық қалдықтарды шығару тобын құрды. Қазір арнайы көлік күн сайын екі айналым жасап, қоқыс шығарады, – деді Рустам Фушанло.
Белсенділер тазалық пен қауіпсіздік жұмыстарымен ғана шектелмей, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да үлес қосып жүр. Олар балалар ойын алаңдары мен жаттығу орындарын орнатуды қолға алған. Сонымен қатар топ мүшелерінің біріне баспана тұрғызып берген.
Жастар алдағы уақытта да ауылдың тұрмысын жақсартуға бағытталған бастамаларын жалғастырмақ.

