Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізіп, әскерді түбегейлі реформалау жөнінде тапсырма берді. Жиында Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметші бір минут үнсіздікпен еске алынды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті көмек көрсетілетінін айтты. Сонымен қатар қайғылы оқиғаға қатысты қатаң баға беріп, оның себептерін жан-жақты анықтауды тапсырды.

Президенттің айтуынша, оқу-жаттығуға қатысқан әскери қызметшілер қажетті жабдықтармен, соның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмеген. Үкіметтік комиссия оқу-жаттығуды жоспарлау мен өткізуге, әскерді жабдықтауға және қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты лауазымды тұлғалардың әрекетіне баға беруге тиіс.

Қорғаныс министрлігінің жұмысына кешенді тексеру де басталды. Оның барысында әскери қызметті ұйымдастыру, әскерді жабдықтау, материалдық және қаржылық қамтамасыз ету мәселелері зерделенеді. Президент әскери қызметшілер лауазымы мен шеніне қарамастан заң бойынша жауапқа тартылатынын ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиында жаңа Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовті таныстырды. Мемлекет басшысы армияны түбегейлі реформалау, қолбасшылық жүйесін қайта құру және цифрлық трансформация жүргізу қажеттігін атап өтті.

Қорғаныс министрлігіне бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, Қарулы Күштерді қазіргі қауіп-қатерлерге сай реформалау және әскердегі идеология мен тәрбие жұмысын күшейту міндеттері жүктелді.

Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскерді реформалау жөніндегі арнайы жоспар әзірлеуге тиіс. Құжат қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.