Осыдан 15 жыл бұрын Тараз қаласында болған қайғылы оқиға ел жадында әлі күнге дейін сақтаулы. Қарулы қылмыскерді тоқтату кезінде полиция қызметкерлері ерлікпен қаза тауып, олардың арасында Ғазиз Байтасов та болды. Бейбіт тұрғындардың өмірін қорғау жолында жанын қиған Халық қаһарманының ерлігі ұмытылған емес. Жыл сайын батырды еске алып, рухына тағзым ету дәстүрге айналған, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
2011 жылы Тараз көшелерінде қарулы қылмыскердің әрекеті қала тұрғындарының тыныштығын бұзды. Қауіпті қылмыскерді тоқтату кезінде полиция капитаны Ғазиз Байтасов өз өмірін құрбан етті. Ол соңғы сәтіне дейін қызметтік борышына адалдық танытып, азаматтардың қауіпсіздігі үшін жанын аямады. Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін оған қайтыс болғаннан кейін «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Ғазиз Байтасовтың қызметіне деген жауапкершілігі мен адалдығын жары Гүлжамал Тәжиева да ерекше ықыласпен еске алады. Оның айтуынша, батыр жұмысына бар уақытын арнаған, демалысты кейінге қалдырып, отбасына көбірек көңіл бөлетін күнді асыға күткен.
– Сендерге уақытты мен зейнетке шыққан кезде арнаймын. Немерелеріме де қараймын. Қазір жұмысым көп, әлі жаспын, еңбек етуім керек», – деп жиі айтатын. Күндіз-түні жұмыста жүретін. Тамақ ішкенде де телефоны мен рациясы жанында тұратын. Жұмысына қатты берілген, өте жауапты адам еді, – дейді Гүлжамал Тәжиева.
Қызметте қаншалықты жауапты болса, отбасында да соншалықты қамқор әке болған. Әкесінен ерте айырылған ұлы Арманжан Байтасов оның әрбір сәтін сағынышпен еске алады. Айтуынша, жұмыстан кеш оралса да, әкесі балаларына уақыт табуға тырысқан.
– Әкеміз мен 11, інім 3 жаста болғанда өмірден өтті. Бірақ әкемізбен бірге өткізген күндеріміз мәңгі есімізде. Жұмыстан түнгі 12-1-де келсе де, бөлмемізге кіріп, құшақтап, еркелетіп, бетімізден сүйіп кететін. Қызметі қаншалықты қауырт болса да, бізге уақыт бөлуге тырысатын, – дейді батырдың ұлы Арманжан Байтасов.
Бүгін Жамбыл облыстық Полиция департаментінде Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған тағзым шарасы өтті. Жиынға департамент басшылығы мен жеке құрамы, құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер және батырдың отбасы қатысты. Қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Департамент бастығы, полиция генерал-майоры Қайсар Сұлтанбаев өз сөзінде Ғазиз Байтасовтың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Ол батырдың өз өмірін қатерге тігіп, бейбіт тұрғындарды ажалдан арашалап қалғанын жеткізді.
Айта кетейік, биыл Президенттің тапсырмасымен Ғазиз Байтасов атындағы медаль тағайындалды. Бұл марапат қызметтік міндетін атқару кезінде ерлік көрсеткен полиция қызметкерлеріне беріледі. Алғашқы медаль батырдың жары Гүлжамал Тәжиеваға табысталған болатын.
Ғазиз Байтасовтың есімі – ел қауіпсіздігі жолында жанын қиған ерліктің символы. Оның қайсарлығы мен Отан алдындағы адалдығы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Гүлнар Тайжан

