Қазақстанда мобильді аударымдарды бақылаудың жаңа тәртібі күшіне енді. Енді жеке тұлғалардың банктік шоттарына түсетін қаражатқа қатысты талаптар күшейтіліп, белгіленген өлшемдерге сәйкес келетін аударымдар Мемлекеттік кірістер органдарының назарында болады, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Бұған дейін қаржылық органдар жеке шотқа қатарынан үш ай бойы ай сайын 1 миллион 20 мың теңгеден астам қаражат түскен жағдайда тексеру жүргізуі мүмкін еді. Енді талаптарға өзгеріс енгізіліп, бақылаудың нақты өлшемдері белгіленді.
Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанел Әбдіқадірдің айтуынша, азаматтың шоты тек талапқа сай болған жағдайда ғана бақылауға алынады.
– Мобильді аударымдарды бақылауға алу үшін нақты өлшемшарттар белгіленген. Біріншіден, жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке банктік шотына қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша түсуі қажет. Екіншіден, осы үш айдағы ақша түсімдерінің жалпы сомасы белгіленген шектен асуы тиіс. 2026 жылғы 10 қарашадан бастап бұл шек 360 айлық есептік көрсеткіш болып белгіленді. Биылғы жылы оның ақшалай мөлшері 1 миллион 557 мың теңге. Яғни, аталған екі талап қатар орындалған жағдайда ғана банк тиісті мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына ұсынады, – деді Жанел Әбдіқадір.
Жаңа тәртіпке сәйкес, екінші деңгейлі банктер тоқсан сайын, айдың 15-іне дейін талаптарға сай келетін азаматтар туралы мәліметтерді Мемлекеттік кірістер органдарына жолдап отырады. Облыс аумағында филиалдарын қоса есептегенде 13 банк қызмет көрсетеді.
Ал тұрғындардың бұл жаңашылдыққа көзқарасы әртүрлі. Бірі кәсіпкерлік қызмет заңды түрде тіркеліп, салық уақытылы төленсе, алаңдауға негіз жоқ деп санайды. Енді бірі мұндай бақылауды орынды көрсе, кейбір тұрғындар халықтың табыс табуы онсыз да оңай емес екенін алға тартып, тексеру шегін көтеру керек деген пікір білдірді.
– Тіркелген болса, заңды жұмыс істесе, ешкім қорықпайды ғой. Меніңше, бұл дұрыс, – дейді сауалнамаға қатысқан тұрғындардың бірі.
Ал өзге азамат қазіргі экономикалық жағдайда халыққа қосымша салмақ салмау керектігін айтса, енді бірі тексеруді 3-4 миллион теңгеден асатын аударымдардан бастаған жөн деген пікірде.
Қоса кетейік, заң талаптарын бұзып, заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқандарға әкімшілік жауапкершілік те қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабына сәйкес, заң бұзушылық алғаш рет анықталса, 15 айлық есептік көрсеткіш, яғни 64 875 теңге айыппұл салынады. Ал құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл 30 АЕК-ке немесе 129 750 теңгеге дейін ұлғаяды.
Дегенмен мамандардың сөзінше, туыстар мен достарға жіберілген жеке мақсаттағы ақша, материалдық көмек, сыйлық, қарызды қайтару немесе ортақ шығындарды өтеу кәсіпкерлік табысқа жатпайды. Мұндай аударымдарға салық салынбайды.
Сондықтан жақындарыңызға ақша жібергенде немесе олардан қаражат қабылдағанда алаңдаудың қажеті жоқ. Жаңа талаптардың негізгі мақсаты – көлеңкелі экономиканың жолын кесу екенін ұмытпаған жөн.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ

