2026 жылғы 1 қазанда Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жасаған NIS PocketQube пикоспутнигі SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыранымен ғарышқа ұшты, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Зымыран АҚШ-тың Калифорния штатындағы Ванденберг ғарыш күштері базасынан ұшырылған. NIS PocketQube жобасы бірнеше жылға созылған білім беру және инженерлік жұмыстың нәтижесінде жүзеге асқан. Оған Қазақстан мен шетелден оқушылар, педагогтер және ғарыш саласының мамандары қатысқан.

Жоба 2019 жылы басталып, 2020 жылы мектепте NIS Space ғарыш зертханасы ашылған. Сол жылы 7-10 сынып оқушыларына арналған «Ғарыш техникасының электроникасы» курсы енгізіліпті.

NIS PocketQube – көлемі 5×5×5 сантиметр, салмағы 250 грамм болатын шағын спутник. Ол басқару, электрмен жабдықтау, радиобайланыс жүйелерімен және күн панельдерімен жабдықталған.

Спутникті жасауға Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 17 оқушысы атсалысқан. Олар аппараттың 3D моделін жасап, электронды платалар мен SMD-компоненттерді жинақтады, микроконтроллерлерді бағдарламалап, Python арқылы деректерді өңдеу алгоритмдерін әзірлеген.

2022 жылғы желтоқсанда NIS PocketQube Ұлттық ғарыш орталығында жерүсті термовакуумдық және механикалық сынақтардан өткен. Жобаны жүзеге асыруға «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ, «Ғалам» ЖШС және халықаралық серіктестер қатысқан.

Спутниктен алынған мәліметтерді оқушылар физика, астрономия, бағдарламалау және инженерия бағыттарындағы зерттеу жобаларында пайдаланады. Ол үшін арнайы жерүсті кешені орнатылып, спутниктік деректерді Қазақстандағы мектеп оқушыларына қолжетімді ету жоспарланып отыр.