Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанның Аваза қаласында өткен Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIII Консультативтік кездесуіне қатысты, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Әзербайжан мен Орталық Азия елдері Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келген кездесудің символдық мәні ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Орталық Азия мен Әзербайжан Еуразиядағы ықпалдастық орталығына айналып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі күшейтуді ұсынды. Былтыр аймақ ішіндегі сауда көлемі шамамен 13 млрд доллар болған. Президент бұл көрсеткішті кемінде 20 млрд долларға жеткізу үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы көлік инфрақұрылымын дамытуға да тоқталды. Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға жақын екенін, келесі жылы Бақты – Аягөз бағыты ашылатынын жеткізді. Сондай-ақ Қытайды Каспий теңізі және Еуропа нарығымен байланыстыратын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталғанын айтты.
Президент жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәселесін де көтерді. Қазақстан Орталық Азия елдері мен Әзербайжанға жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалану туралы декларация әзірлеуді ұсынды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік, мәдени-гуманитарлық байланыс және туризм салаларындағы ынтымақтастықты күшейту жөнінде бірқатар ұсыныс айтты. Оның ішінде аймақтық телеарна ашу, жастардың волонтерлік форумын өткізу және мәдени, ғылыми, спорттық әрі туристік іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін жасау бастамалары бар.
Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының Бірлескен мәлімдемесі қабылданды.
