Бүгін, 21 қарашада, Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде «ASPARA FASHION DAY 2026» халықаралық форумы мен баспасөз конференциясы өтті. Жиынға жергілікті атқарушы органдардың, туризм және мәдениет салаларының өкілдері, тарихшылар, қазақстандық және шетелдік дизайнерлер қатысты, – деп хабарлайды «Korday24news.kz».

Форумның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов құттықтау сөз сөйлеп, Жамбыл өңірінде киіз басу, тоқымашылық және зергерлік өнер секілді дәстүрлі қолөнер түрлері сақталғанын атап өтті.

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының өкілі Ақбота Қайырханова Қазақстанның оқиғалық күнтізбесіне енгізілетін жобаларды іріктеу тәртібі туралы баяндады. Оның айтуынша, 2026 жылы 20 өңірден ұсынылған 154 жобаның 55-і күнтізбеге енген. Іріктеу кезінде іс-шаралардың тұрақтылығы, туристік әлеуеті, аудиторияны қамту деңгейі, ерекшелігі және өңір танымалдығына ықпалы ескеріледі.

Сондай-ақ «ASPARA FASHION DAY» ұлттық сән мен қолөнерді халықаралық деңгейде танытып, Тараздың туристік тартымдылығын арттыруға ықпал ететін маңызды жоба ретінде бағаланған. Ал 2027 жылғы оқиғалық күнтізбеге Жамбыл облысынан «ASPARA FASHION DAY», «Тараз – қолөнершілер қаласы» және «Қызғалдақ мұра» іс-шаралары енгізілген.

Жиында Креативті индустрияларды дамыту қорының Жамбыл облысы бойынша үйлестірушісі Сара Мәдиева өңірдегі креативті индустриялардың даму бағыттары жөнінде баяндама жасады.

Форум барысында ұлттық мұраны заманауи сәнмен сабақтастыру, қолөнершілер мен дизайнерлер арасындағы ынтымақтастықты арттыру және оқу орындарымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері сөз болды. Кездесуге қатысқан студенттер де өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан жауап алды.

Халықаралық форум мен баспасөз конференциясы сағат 16:00-ге дейін жалғасады.