Жамбыл облысында автомобиль жолдарын қысқы кезеңде күтіп ұстауға 300-ге жуық арнайы техника жұмылдырылмақ. Бұл мәселе облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Жиында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қысқы маусымға дайындық барысы қаралды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың мәліметінше, өңірдегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 160,1 шақырымды құрайды. Оның 1 688,4 шақырымы облыстық, 1 471,7 шақырымы аудандық маңызға ие.
Қараша-желтоқсан айларында бұл жолдарды күтіп ұстауға 20 мердігер ұйым тартылып, 190 арнайы техника пайдаланылмақ. Қысқы жұмыстарға қажетті 13 170 тонна құм мен 1 745 тонна тұз қоры әзірленген. Ал жолда қалған жолаушыларды қауіпсіз жерге жеткізу үшін 10 жолаушылар тасымалдаушы мекеменің 115 автобусын жұмылдыру жөнінде меморандум жасалған.
Республикалық маңызы бар жолдардың қысқы маусымға дайындығы туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының басшысы Айжан Туғанова баяндады. Оның айтуынша, облыс аумағындағы республикалық жолдардың ұзындығы 1 224 шақырым. Қысқы күтіп ұстауға арналған 109 техниканың 107-сі, яғни 98 пайызы дайын. Қалған екі техника жөндеуден өтіп жатыр.
Республикалық жолдарға қажетті материалдар қоры да жасақталған. Атап айтқанда, 7 мың текше метр құм, 9 623,6 тонна тұз, 80 тонна көмір және 84 тонна химиялық реагент әзірленген. Қар басу қаупі бар асу учаскелеріне арнайы қалқандар орнатылып, жүргізушілерге жол жағдайы туралы алдын ала ескерту үшін 462 уақытша белгі қойылған.
Кеңес барысында облыс әкімі жолдардың қысқы маусымға дайындығы әлі толық аяқталмағанын атап өтті. Осыған байланысты жауапты органдар мен жол қызметтерінің өзара жұмысын үйлестіруді күшейтуді тапсырды.
– Қысқы кезеңде автомобиль жолдарының тиісті деңгейде күтіп ұсталмауы жол-көлік оқиғаларына, азаматтардың жолда қиындықтарға тап болуына, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу – біздің басты міндетіміз. Жергілікті атқарушы органдар ретінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін қатаң бақылауда ұстап, қажетті шараларды уақтылы қабылдауымыз керек, – деді Ербол Қарашөкеев. Жиын соңында жауапты тұлғаларға жолдарды қысқы кезеңге толық дайындау, техника мен қажетті материалдардың әзірлігін қамтамасыз ету және жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді

