Құрылтай депутаттары Үкімет ұсынған онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелеріне қатысты заң жобаларын, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттар цифрлық платформалардың жауапкершілігін арттыруға, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және медиа саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеп.
Заң жобаларын Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев таныстырды. Ұсынылған өзгерістер бірнеше негізгі бағытты қамтиды. Атап айтқанда, Қазақстанда жұмыс істейтін ірі онлайн-платформалардың ел аумағында өкілдігін міндетті түрде тіркеу талабы енгізілмек. Сондай-ақ құқыққа қайшы контентті жою туралы нұсқаманы орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал аудиториясы 5 мыңнан асатын анонимді пайдаланушыларды сәйкестендіру тетігі ұсынылды.
Балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 16 жасқа толмағандардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салу көзделген. Алайда жеке адамдар арасындағы қарым-қатынасқа арналған мессенджерлер бұл шектеуге жатпайды.
Бұдан бөлек, аудиовизуалды платформалар арқылы теле және радиоарналарды тарату лицензияланбақ. Қазақстанда қызмет көрсететін онлайн-кинотеатрлардың заңды өкілдерін анықтау да ұсынылып отыр.
Заң жобасында азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты бірқатар норма бар. Мемлекеттік органдардың жауаптарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаған кезде арнайы белгі қою, ақпаратқа теріске шығаруды сол дереккөзде орналастыру тәртібі қарастырылады. Сонымен бірге интернетте жала жапқаны, БАҚ пен онлайн-платформаларда балағат сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылған. Адамдардың фото және бейнебейнелерін пайдалану ережелері де нақтыланады. Бұған қоса, білім беру контенті мен оккульттік қызметтердің сипаты туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету көзделген.
Арман Қырықбаевтың айтуынша, ұсынылған өзгерістердің басты мақсаты – ірі онлайн-платформалардың заң талаптарын сақтауын қамтамасыз ету және азаматтардың, әсіресе балалардың құқықтарын қорғау.
– Біздің міндетіміз – мемлекеттің ірі онлайн-платформалармен өзара іс-қимылының пәрменді тетігін қалыптастыру, мұнда заңнаманы сақтау сөз жүзіндегі талап емес, олардың ел аумағындағы қызметінің міндетті шарты болады. Ұсынылған нормалар құқыққа қайшы контентке қарсы іс-қимылға ғана емес, сонымен қатар азаматтардың, ең алдымен балалардың құқықтарын қорғауға, ақпараттық кеңістіктің ашықтығын қамтамасыз етуге және жауапты цифрлық ортаны қалыптастыруға бағытталған, – деді министр.
Сонымен қатар Құрылтай депутаттары 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Сингапурмен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы екі оқылымда мақұлданып, үшінші оқылымда қабылданды. Сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісім ратификацияланды.

