Тараз қаласында IT-лицей-интернатының жаңа оқу корпусы мен жатақханасы пайдалануға берілді. Заманауи білім беру кешені шалғай аудандардан келетін дарынды балалардың білім алуына және жан-жақты дамуына жол ашады, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеп. 

Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысып, өңір басшысының құттықтауын жеткізді.

Балауса шағынауданында орналасқан білім ордасында орын тапшылығын шешу үшін үш блоктан тұратын жаңа кешен салынды. Оның құрамында 300 орындық оқу корпусы, 300 орындық жатақхана, асхана мен спорт залы бар. Сонымен қатар оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған акт залы мен кітапхана қарастырылған. Жер учаскесінің жалпы аумағы – 12 256,45 шаршы метр.

Бұған дейін лицей-интернаттың жатақханасы небәрі 45 орынға шақталған болатын. Жаңа ғимараттың іске қосылуымен жатын орын саны 345-ке дейін ұлғаяды. Бұл шалғай елді мекендердегі қабілетті оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, IT-лицей-интернаты 2018 жылы ашылған. Содан бері білім ордасын 163 түлек тәмамдады. Олардың басым бөлігі ақпараттық технологиялар саласын таңдап, еліміздегі және шетелдегі жоғары оқу орындарына түскен. Түлектер арасында Nazarbayev University, Cardiff University және University of Pisa университеттерінде білім алып жатқандар да бар.

Қазіргі таңда лицейде 325 оқушы білім алады. Оларға 45 педагог сабақ береді.