Қордай ауданында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жазғы маусымдағы жұмыстары қарқын алып келеді. Аталған бастама жастарды еңбекке баулып, туған өлкеге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті арттыруды көздейді,-деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агентігі.
Биылғы маусымда ауданның белсенді жастары қоғамдық жұмыстарға жұмыла кірісіп, елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосуда. Олар күнделікті тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізіп, ойын және спорт алаңдарын ретке келтіріп, сырлау-бояу жұмыстарын атқаруда. Сондай-ақ жол жиегіндегі арам шөптерді жұлып, көше бойындағы қоқыстарды тазарту арқылы ауыл-аймақтың ажарын ашуды мақсат етіп отыр.
Тазалықпен қатар, бұл бастама ауданның жалпы эстетикалық келбетін жақсартуға бағытталған. Жастар саябақтар мен демалыс орындарын абаттандырып, жасыл желекке ерекше көңіл бөлуде. Ағаштарды күтіп-баптау, гүлзарларды жаңарту жұмыстары да назардан тыс қалмаған.
Аудан халқы бұл бастаманы оң қабылдап отыр. Жастардың белсенділігі мен еңбекке деген құлшынысы жергілікті тұрғындардың жылы лебізіне ие болды.
«Жасыл ел» — ел ертеңі үшін маңызды бағдарлама. Ол тек еңбекке ғана емес, отансүйгіштікке, табиғатты аялауға және ұжымдық бірлікке тәрбиелейді. Бұл арқылы Қордайдың жас буыны туған жерге деген перзенттік парызын нақты іспен дәлелдеуде.
Аудан әкімдігі мен жергілікті ұйымдар жастарға қажетті құрал-жабдықтар мен қолдау көрсетіп отыр. Мұндай үйлесімді ынтымақтастық Қордайдың келбетін күннен-күнге көркейте түсті.