Қордай ауданында аударыспаққа қызығатын балалардың қатары артып келеді. Жаңатұрмыс ауылында ұлттық спортты серік еткен жас спортшылар жаттығып, аудандық жарыстарда бақ сынап жүр – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Ептілік, күш, төзімділік пен батылдықты талап ететін аударыспақ – ат үстіндегі күрес түрі. Бұл спортта қарсыласты ерден аударып түсіру үшін құрыш білек пен қайсар мінез қажет. Жаттықтырушылардың айтуынша, соңғы уақытта жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығы арта түскен.

Жаттықтырушы Арнұр Асылханның айтуынша, қазір оның қол астында оннан астам бала жаттығады. Шәкірттері аудандық жарыстарға қатысып, жетістіктерге жетіп жүр.

– Менде қазір оннан аса бала жаттығып жатыр. Аудандық жарыстарға шығып жүрміз. Балаларда жетістіктер бар. Бұрын, 2021 жылдан бастап өзім бастаған уақытта бала жинау қиын еді. Қазір жай-жай балалар қызығушылық танытып жатыр. Өйткені Көшпенділер ойындары өтіп жатыр, еліміздің чемпионаты болып жатыр. Соны көріп, жас балалар қызығушылық танытып жатыр, – дейді Арнұр Асылхан.

Аударыспақтың ережесіне сәйкес, спортшы шамамен бес минут ішінде қарсыласын аттан аударып түсіруі керек. Егер белгіленген уақытта ешкім жығылмаса, жеңімпаз ұпай саны бойынша анықталады.

Аударыспақпен 2021 жылдан бері айналысып келе жатқан спортшы Әділет Абас та аудандық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр.

– Өзім кіші күнімнен бері көкпар тартып, атқа мініп жүретінмін. Арнұр ағайлармен бірге жүріп, осы аударыспақ спортына келдім. 2021 жылдан бері айналысып жүрмін. Қордай ауданы бойынша жетістіктерім бар. Бірінші, екінші, үшінші орын алып жүрген кездерім болды. Талас ауданына барып келгем. Аударыспақ жақсы, – дейді Әділет Абас.

Қазір елімізде аударыспақ федерациясы жұмыс істейді. 2023 жылы аталған ұйым президентінің бастамасымен дәстүрлі атпен күрес түрлерін сақтап, дамытып келе жатқан елдерді біріктірген Атпен күрес бойынша әлемдік федерация құрылды.