Үкіметте білім беру саласын цифрландыру, Ұлттық білім беру деректер қорын жаңғырту және мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру жөнінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен арнайы кеңес өтті, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Жиынға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Кеңесте Ұлттық білім беру платформасын өңірлерге кезең-кезеңімен енгізу мәселесі қаралды. Оқу-ағарту министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, тиісті жоспар әзірлеген. Жаңа жүйе мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға, білім беру саласындағы мәліметтердің нақтылығын арттыруға және бюджет қаражатының жұмсалуын ашық бақылауға мүмкіндік бермек.

Мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру тәртібін жетілдіру де күн тәртібінен түскен жоқ. Атап айтқанда, мемлекеттік білім беру тапсырысының құнын есептеудің бірыңғай әдістемесін енгізу ұсынысы талқыланды. Осы орайда әр өңірдегі білім беру қызметтеріне жұмсалатын шығын айырмашылықтарын ескеретін түзету коэффициенттерін қолдану мәселесін пысықтау тапсырылды. Сондай-ақ бір тәрбиеленушіге бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың базалық құнын республикалық деңгейде белгілеу мүмкіндігі қарастырылмақ.

Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарында Face ID технологиясы арқылы жұмыс істейтін кіруді бақылау жүйелерін кеңінен енгізу қажеттігі айтылды. Бұл тәсіл мектептердегі қауіпсіздікті күшейтіп, оқушылардың сабаққа қатысуын автоматты түрде есепке алуға және ғимарат аумағына кіруді бақылауға бағытталған.

Кеңес соңында мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге білім беру саласын цифрландыру жұмыстарын жалғастырып, бюджет қаражатын жұмсау тиімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.