Қордай ауданының баспасөз орталығында интернет-алаяқтықтың алдын алу тақырыбында брифинг ұйымдастырылды. Іс-шараға аудандық прокуратураның аға прокуроры Бекболат Болатұлы қатысып, тікелей эфирде түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі
Брифинг барысында интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың жиі кездесетін түрлері, тұрғындардың цифрлық қауіпсіздігін сақтау жолдары және сақтық шаралары туралы ақпарат берілді.
Спикердің айтуынша, қазіргі таңда ауыл мен қала тұрғындарының интернетке қолжетімділігі бірдей деңгейге жақындаған. Көпшілік смартфон қолданып, банк карталары арқылы жалақы, зейнетақы және түрлі төлемдер алады. Осыған байланысты алаяқтық әрекеттер де көбейіп отыр.
Аға прокурор интернет-алаяқтықты азаматтарды алдау немесе жалған ақпарат тарату арқылы ақша мен жеке деректерді заңсыз иемдену деп түсіндірді. Мұндай қылмыстардың ерекшелігі – тараптар бетпе-бет кездеспей, байланыс телефон, әлеуметтік желі немесе интернет арқылы жүзеге асады.
Қордай ауданында ауылдық жерлерде жиі тіркелетін жағдайлардың бірі – әлеуметтік желілерде арзан бағадағы тауар немесе мал ұсынып, алдын ала төлем алып, кейін байланысқа шықпай кету. Сонымен қатар өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, карта деректерін немесе SMS-кодтарды алдап сұрау фактілері де кездеседі.
Бұдан бөлек, «туысыңыз қиын жағдайға түсті» деген жалған хабар арқылы ақша талап ету, инвестиция немесе онлайн табыс ұсынып алдау, сондай-ақ тұрғындарды несие рәсімдеуге мәжбүрлеп, қаражатты бөтен есепшотқа аударту тәсілдері де кең таралған.
Бекболат Болатұлы алаяқтардың көбіне азаматтардың сенгіштігін, асығыс шешім қабылдауын және құқықтық ақпараттың жеткіліксіздігін пайдаланатынын атап өтті. Кейбір тұрғындар уақыт өткізіп, құқық қорғау органдарына дер кезінде хабар бермей жатады.
Сондай-ақ интернет арқылы жасалған алаяқтық Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес қылмыс болып саналатыны және ол үшін жауапкершілік қарастырылғаны еске салынды.
Брифинг соңында тұрғындарға банк картасының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу, күмәнді қоңырауларға сенбеу, алдын ала ақша аудармау және асықтыратын ұсыныстардан сақ болу жөнінде кеңес берілді. Алаяқтық белгілері байқалған жағдайда дереу полицияға немесе прокуратураға хабарласу қажеттігі айтылды.
Эфир барысында журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар ұсынылды.

