Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен кездесіп, Орталық Азиядағы экологиялық бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Кездесу барысында Президент Өңірлік экологиялық саммитке қатысқан делегацияға алғыс білдіріп, олардың тәжірибесі ортақ экологиялық мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның орнықты даму мен биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты қолдайтыны айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экологиялық саясатында қоршаған ортаны қорғау негізгі басымдықтардың бірі екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл қағида Қазақстанның жаңа Конституциясында да бекітілген.
Халықаралық ұйым өкілдері саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, Қазақстанның экологиялық бастамаларына қолдау білдірді. Сондай-ақ олар «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңызын жоғары бағалап, климат пен су ресурстары мәселелерін шешуге бағытталған бастамаларға оң көзқарас танытты.
Кездесуге БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының атқарушы директоры Ингер Андерсен, CITES Бас хатшысы Ивонн Игеро, БҰҰ Биоалуантүрлілік конвенциясының атқарушы хатшысы Астрид Шомакер және Базель, Роттердам және Стокгольм конвенцияларының атқарушы хатшысы Рольф Пайе қатысты.

