Қазақстан мен Оман Сұлтандығы инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды келісімге қол қойды. Келіссөздер Астанада өтіп, екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге жол ашты, — деп хабарлайды «Korday24news.» ақпараттық порталы.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов ресми сапармен келген Оман Премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саидпен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Әсіресе энергетика, көлік-логистика, тау-кен өндірісі, металлургия, цифрлық технологиялар, ауыл шаруашылығы мен туризм салаларына басымдық берілді.
Кездесу барысында Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Оман Сұлтандығының жоғары деңгейдегі сапарына ерекше мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан үшін Оман – Таяу Шығыстағы және араб әлеміндегі сенімді серіктестердің бірі. Үкімет инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, жаңа жобаларды қолдауға және екіжақты экономикалық байланыстарды тереңдетуге дайын.
Өз кезегінде Зиязин бен Хайсам Әл Саид Қазақстанмен серіктестіктің берік негізі қалыптасқанын айтып, оны одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Ол энергетика, жаңартылатын энергия көздері, технология, қаржы секторы және басқа да бағыттардың перспективалы екенін атап өтті.
Ресми деректерге сәйкес, екі елдің бірлескен инвестициялық портфелінде жалпы құны 3 миллиард АҚШ долларын құрайтын 5 ірі жоба бар. Соның ішінде энергетика және теміржол тасымалы салаларындағы 1,1 миллиард долларлық екі жоба іске қосылған. Қазір кен өңдеу бағытындағы бастамалар жүзеге асу сатысында.
Келіссөздерде тараптар тау-кен және мұнай-газ салаларындағы бірлескен жобаларды дамытуға, өндірісті жаңғырту мен технологиялық жаңарту бағыттарына ерекше назар аударды. Сондай-ақ Орта дәліздің транзиттік әлеуетін пайдалану арқылы логистикалық байланыстарды күшейту мәселесі де қаралды.
Ауыл шаруашылығы саласында технология алмасу мен ұзақ мерзімді жеткізу келісімдерін жасау, сондай-ақ өңдеу кәсіпорындарын дамыту арқылы өзара сауданы арттыруға мүмкіндік беретіні айтылды. Бұдан бөлек, GovTech пен жасанды интеллект бағытындағы цифрлық жобалар перспективалы сала ретінде аталды.
Туризм саласында да ынтымақтастықты кеңейту көзделіп отыр. Экотуризмді дамыту, қонақ үй және сервистік қызмет сапасын арттыру, мәдени және табиғи нысандарды бірлесіп ілгерілету бойынша тәжірибе алмасу жоспарланған.
Кездесу қорытындысында екі ел барлық басым бағыттар бойынша серіктестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.
Сапар аясында маңызды құжатқа да қол қойылды. Қазақстанның «Самұрық-Қазына» қоры мен Oman Investment Authority арасында инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі шарттары туралы келісім жасалды. Бұл құжат бірлескен инвестициялық платформаны қалыптастыруға, жаңа қорлар мен кәсіпорындар ашуға институционалдық негіз қалайды.
Келісім өнеркәсіп, энергетика, денсаулық сақтау, логистика және тау-кен салалары сияқты негізгі бағыттардағы жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Инвестициялар екі ел аумағындағы қолданыстағы активтерге де, жаңа бастамаларға да бағытталмақ.

