Халықаралық OPSI платформасы Қазақстанның персоналды басқарудың интеграцияланған ақпараттық жүйесі – e-Qyzmet-ті енгізу тәжірибесін жариялады. Бұл мемлекеттік сектордағы кадрлық процестерді цифрландыру бағытындағы елдің жетістігін халықаралық деңгейде мойындаудың маңызды көрсеткіші деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

e-Qyzmet – мемлекеттік басқаруды цифрлық жаңғыртудың негізгі элементтерінің бірі. Жүйе HR-процестерді толық автоматтандырып, кадрлық ақпаратты орталықтандыруға, бюрократиялық рәсімдерді азайтуға және шешім қабылдау кезіндегі субъективтілік тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді іріктеу, бағалау және қызмет бойынша ілгерілету процестерінің ашық әрі әділ жүргізілуін қамтамасыз етеді.

Платформа мемлекеттік органдардағы 400-ден астам басқарушылық және HR-процесті қамтиды. Іріктеу рәсімдерінің цифрландырылуы кадрлық жүйенің ашықтығын арттырып, кәсіби және тұрақты мемлекеттік қызмет қалыптастыруға ықпал еткен.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың айтуынша, e-Qyzmet жүйесі туралы ақпараттың халықаралық платформадан орын алуы Қазақстанның цифрландыру және HR-әлеуетін дамытудағы прогресін көрсетеді. Оның сөзінше, жүйені жаңғырту мен цифрлық іріктеуді енгізу нәтижесінде бос лауазымдарға конкурстық көрсеткіш айтарлықтай өскен: орта есеппен бір орынға 5,5 үміткерден келеді. Бұл дәстүрлі іріктеу жүйесіне қарағанда үш еседен көп.

Сондай-ақ цифрландыру саласындағы жетістіктердің халықаралық деңгейде мойындалуы Қазақстанның ЭЫДҰ аясындағы сараптамалық диалогтар мен бастамалардағы позициясын нығайтуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Анықтама үшін:
OPSI (Observatory of Public Sector Innovation) – мемлекеттік басқарудағы инновацияларды жинақтап, талдап және насихаттауға бағытталған ЭЫДҰ-ның жаһандық платформасы. Оның негізгі құрамдас бөлігі – түрлі елдердің реформалары мен цифрлық шешімдері жарияланатын Case Study Platform. OPSI материалдарын үкіметтер, халықаралық ұйымдар және сарапшылар пайдаланады. Қазақстандық жобалардың жариялануы елдің инновациялық даму үдерістеріне ашық екенін көрсетеді.

Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз!