Қордай ауданында каратэ спортына қызығатын жастардың қатары артып келеді. Бүгінде ауданда бірнеше клуб пен үйірме жұмыс істеп, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беріп отыр. Солардың бірі – 2011 жылы құрылған «Барыс» клубы, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.  

Жалпы Жамбыл облысында 500-ге жуық спортшы каратэмен айналысады. Қордайдағы «Барыс» клубында қазір 30-ға жуық жас тұрақты жаттығады. Олардың әрқайсысы биік белестерді бағындырып, ел намысын халықаралық жарыстарда қорғауды армандайды.

Клуб тәрбиеленушісі Камила Қуаттың каратэге келгеніне төрт жыл болған. Оның айтуынша спортқа деген қызығушылығын жақын құрбысы оятқан. Содан бері ол жаттығуды үзбей, бапкері мен қатарластарының қолдауымен шеберлігін шыңдап жүр.

– Каратэ өте қызықты спорт. Маған жаттықтырушымыздың бізге жаттығу өткізгені, достарыммен бірге болған ұнайды. Ата-анам да үнемі қолдау көрсетеді. Алдағы уақытта әлем чемпионатына қатысып, жеңімпаз атансам деймін. Бұл – менің арманым, – дейді Камила.

Ал Сұлу Дәулетханның бұл спортқа келуіне теледидардан көрген әлем чемпионаты түрткі болған. Татамидегі тартысты бәсекені тамашалаған ол өзі де каратэмен айналысуға ниеттеніпті.

– Теледидардан әлем чемпионатын көріп, спортшылардың өнеріне қызықтым. Содан өзім де каратэге қатысқым келді. Қордайда бұл спорт түріне көбіне он бір жастан бастап қабылдайтын. Ал Рамазан сенсей алты жастан бастап жаттығуға болатынын айтты. Сөйтіп, каратэге келдім, – дейді жас спортшы.

Жас буынды баптап жүрген Рамазан Баженовтің каратэмен айналысып келе жатқанына отыз жылдан асқан. Ол – «Барыс» клубының негізін қалаушылардың бірі әрі облыстық фул-контакт каратэ федерациясының жетекшісі. Бапкердің айтуынша, клубтың атауы да спортшылардың бойынан көргісі келетін қасиеттермен байланысты.

– Клубты ашқанымызға он төрт жылдан асты. Содан бері түрлі қиындықты еңсеріп, әр деңгейдегі жарыстарға қатысып келеміз. Қордайда да каратэ спортының дамып жатқанын көрсетуді мақсат еттік. Клубты Барыс деп атауымыздың себебі – спортшыларымыздың да осы аң секілді қайсар, мінезді әрі жігерлі болғанын қаладық, – дейді Рамазан Баженов.

Осы уақыт ішінде клубтан талай жас спортшы түлеп ұшты. Тәрбиеленушілер аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Бапкер шәкірттерінің бойына спорттық шеберлікпен қатар тәртіп, төзімділік пен табандылықты сіңіруге күш салады.

Бүгін татамиге қадам басқан жас спортшылардың арманы бір – биік белестерді бағындыру. Ал олардың алғашқы жеңісі мен үлкен мақсаттарына жол ашатын орта – осындай спорт клубтары.