Өткен жылдың желтоқсан айында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен 2026 жылғы вегетация кезеңіне дайындық мәселелері қаралған кеңес өтті. Жиынға су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, сондай-ақ су шаруашылығы саласының өкілдері қатысты. Басқосуда трансшекаралық сулардың болжамды көлемі мен алдағы суару маусымында су ресурстарын тиімді пайдалану тетіктері талқыланды, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Кеңес барысында шаруалар үшін су тапшылығы қаупінің күшейетіні айтылып, осыған байланысты су үнемдеу технологияларын енгізу және ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егіс көлемін қысқарту қажеттігіне назар аударылды.
Аталған мәселе аясында 14 қаңтар күні Степное ауылдық мәдениет үйінде бірнеше ауылдық округтің шаруаларымен аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаевтың кездесуі өтті. Жиынға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, су шаруашылығы мекемелерінің өкілдері және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – алдағы вегетация кезеңіне алдын ала дайындық жұмыстарын нақтылау.
Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары оңтүстік өңірлерде соңғы жылдары су тапшылығы тұрақты сипат алғанын атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы Қырғыз Республикасымен 13 текше метр су алу жөнінде келісім жасалғанымен, бұл көлем толық жетпеген. Ал биыл трансшекаралық су көлемі 10 текше метр деңгейінде жоспарланып отыр.
– Бұл суармалы судың жетіспеушілігі одан әрі ушығатынын білдіреді. Сондықтан шаруаларға суды аз тұтынатын дақылдарға көшу ұсынылады. Қазірден бастап егіс құрылымын қайта қарап, ылғалды аз қажет ететін дақылдарды жоспарлау қажет. Қазіргі жағдайдың бір анығы – су жеткіліксіз болады, – деді Жұлдызбек Бақаев.
Кездесу барысында шаруалар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, өткен маусымдағы атқарылған жұмыстар да сараланды. Сонымен қатар Қордай аудандық фитосанитариялық инспекциясының басшысы Талант Әлмежанов зиянкестермен күрес бағытындағы жағдайға тоқталды. Оның айтуынша, бұған дейін жекелеген округтерде ғана тіркелген зиянкестер, соның ішінде аса қауіпті шегіртке түрлері бүгінде 14 округтен анықталған. Осыған байланысты шаруаларды алдын ала хабардар ету және дер кезінде шара қабылдау өнімді сақтап қалудың негізгі жолы екені айтылды.
Сондай-ақ «Қазсушар» РМК аудандық бөлімшесінің басшысы Мақсұт Ершібұлов суармалы суды бөлу тәртібі мен шаруалар мен су шаруашылығы ұйымдары арасындағы келісімшарт жасаудың жаңа тәсілдері жөнінде түсіндірме берді.
Айта кетейік, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бұған дейін Ашхабадта өткен Орталық Азия елдерінің Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы отырысында 2026 жылы су келу көлемі азаюы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Болжамға сәйкес, Қырғызстандағы Тоқтоғұл су қоймасының деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке жетуі ықтимал. Сонымен қатар Қазақстанның оңтүстігінде көктемнен бері жауын-шашынның аз болуы жағдайды күрделендіріп отыр.
Осы факторларды ескере отырып, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және ылғалды көп қажет ететін дақылдарға белгіленген лимиттерді қайта қарау көзделуде. Жаңа лимиттер 2026 жылғы вегетация кезеңінде күтілетін 10 млрд текше метр су көлеміне негізделіп есептелмек. Лимиттердің сақталуы қатаң бақылауға алынатыны да ескертілді.
Қордай ауданы негізінен су алатын Қырғыз Республикасындағы Тоқтоғұл су қоймасындағы жағдай да қазіргі таңда күрделі күйінде қалып отыр. Су қоры жеткілікті деңгейде жиналмаған.
Жалпы, соңғы жылдары қайталанып келе жатқан құрғақшылық биылғы егіс науқанында да сақталуы мүмкін. Табиғи факторлар шеңберінде мемлекеттің мүмкіндігі шектеулі екенін ескере отырып, суды аз тұтынатын дақылдарға көшу – бүгінгі күннің нақты әрі қатаң талабы болып отыр.

