Қордай ауданында Жамбыл облысы имамдары арасында кіші футболдан облыстық турнир ұйымдастырылды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі
Іс-шара ҚМДБ-ның «Қордай Құран қариларын дайындау орталығының» қолдауымен және аудандық мешіттің бастамасымен «Ислам және адал қоғам» жылы аясында өтті.
Турнирдің мақсаты – діни қызметкерлер арасындағы бірлікті күшейту, бауырластық байланысты нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау.
Жарысқа өңірдің бірнеше ауданынан келген имамдар қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Турнирде Талас, Қордай, Жуалы, Шу, Байзақ, Меркі, Жамбыл, Т. Рысқұлов аудандарының, сондай-ақ облыс орталығы мен Масаншы ауылының имамдары және Нибатулла Тарази медресесінің командалары бақ сынады.
Нәтижесінде бірінші орын Нибатулла Тарази медресесінің командасына бұйырды. Екінші орынды Масаншы ауылының имамдары иеленсе, үшінші орын Байзақ ауданының командасына берілді. Төртінші орын облыс орталығы имамдарына табысталды.
Сонымен қатар турнир барысында арнайы номинациялар да анықталды. «Көрермен көзайымы» атағы Шу ауданының бас имамы Алмас Кенжемолдаевқа берілді. «Үздік шабуылшы» ретінде Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы танылды. «Үздік қақпашы» номинациясын Нибатулла Тарази медресе-колледжінің ұстазы Наркес Боканов иеленді. Ал «Fair Play» жүлдесі Жуалы ауданы имамдарына бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар және ақшалай сыйлықтар табысталды. Турнир діни қызметкерлер арасындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған спорттық шара ретінде өтті.

