Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресі Сенатының мүшесі Стив Дэйнспен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту мәселелері талқыланды, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Президент сенаторды АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтап, екі ел арасындағы көпжақты байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Кездесу кезінде сауда-экономикалық және инвестициялық бағыттардағы ынтымақтастықты нығайту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қараша айында АҚШ-қа сапары барысында қол жеткізілген келісімдерді сапалы жүзеге асырудың маңызын айтты.
Мемлекет басшысы жыл соңында Майами қаласында өтетін G20 саммитіне қатысу аясында Қазақстан мен АҚШ арасындағы ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар Президент кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытуға үлес қосып келе жатқан Стив Дэйнске ризашылығын білдірді. Ол сенатордың Джексон-Вэник түзетулерінің күшін жоюға қатысты заңнамалық бастамаларды ілгерілету бағытындағы қолдауын жоғары бағалады.
Стив Дэйнс өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа АҚШ Президенті Дональд Трамптың жылы лебізін жеткізді. Сенатор Қазақстанның жаңа Конституция қабылдауына тоқталып, елдегі саяси реформалардың табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Кездесу барысында тараптар халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

