Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мемлекетінің астанасы Доха қаласында Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Мемлекет басшысы Қатарға Әмір-Әке шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің қайтыс болуына байланысты көңіл айту үшін барған. Кездесу барысында Президент марқұм шейх Хамадтың Қатардың дамуына қосқан үлесін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев оның көрнекті мемлекет қайраткері әрі қазақ халқының жақын досы болғанын айтты. Президенттің сөзінше, шейх Хамад бен Халифа Әл Тәни Қазақстан мен Қатар арасындағы достық әрі әріптестік байланыстың нығаюына үлкен еңбек сіңірген.

Мемлекет басшысы шейх Хамадтың Қазақстанға екі рет ресми сапармен келгенін еске алды. Сондай-ақ оның қолдауымен Астанада алғашқы ірі әл-Фараби мешіті салынғанын және Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бірқатар әлеуметтік әрі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асқанын атап өтті.

– Ол көрнекті мемлекет қайраткері әрі қазақ халқының досы еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Қазақстан Президентіне арнайы келгені үшін алғыс айтып, бұл екі ел халқы арасындағы бауырластық байланыстың айқын көрінісі екенін жеткізді.

Кездесу барысында тараптар қазіргі халықаралық жағдайға, оның ішінде Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты пікір алмасты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірін өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бұл шақыруды қабыл алды.

Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз!