Қазақстан Үкіметі экономикалық үдерістердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Құжатты Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірлеген.

Жоспардың негізгі мақсаты – көлеңкелі экономиканың үлесін азайту, адал бәсекелестікті дамыту, бизнестегі ашықтықты арттыру және кәсіпкерлерге қосымша міндет жүктемей, бюджет кірістерін көбейту.

Соңғы жылдары Қазақстанда бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылды. Елде 20 ақпараттық жүйе енгізіліп, жаңғыртылды. Сондай-ақ айналымы 2 трлн теңгеге жететін интернет-казиноның қаржылық инфрақұрылымының жұмысы тоқтатылып, 360 млрд теңге көлеміндегі негізсіз бюджеттік шығындардың алдын алу мүмкін болды.

Осының нәтижесінде көлеңкелі экономиканың үлесі 2019 жылғы жалпы ішкі өнімнің 24 пайызынан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 16,7 пайызға дейін төмендеді. Жаңа жоспар бұл көрсеткішті 2028 жылға қарай 13,8 пайызға дейін қысқартуды көздейді.

Кешенді жоспарды жүзеге асырудағы негізгі құралдардың бірі жасанды интеллект қолданылатын бірыңғай цифрлық мониторинг платформасы болады. Ол мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіріп, көлеңкелі экономика тәуекелдерін анықтауға және заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Құжатта экономиканың ашықтығын арттыруға бағытталған 53 іс-шара қарастырылған. Олар сауда, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларын қамтиды.

Сауда саласын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді. Digital Bazaar электронды платформасын дамыту, міндетті цифрлық таңбалауға жататын тауарлар тізімін кеңейту және Ұлттық тауарлар каталогын жетілдіру жоспарланып отыр. Бұл тауар айналымын бақылауды күшейтіп, жалған өнімдердің таралуын азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар акцизделетін және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қозғалысын бақылау, электронды сауда мен маркетплейстерді реттеу, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді біріктіру жұмыстары жалғасады.

Әлеуметтік салада қызмет сапасын бақылау, баға өзгерістерін қадағалау және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау үшін цифрлық құралдар енгізіледі. Бұдан бөлек, мемлекеттік қаржы қозғалысының ашықтығын қамтамасыз ететін «Цифрлық теңге» жобасын қолдану ауқымы кеңейтіледі.

Үкімет жаңа жоспар бизнеске қосымша әкімшілік салмақ түсірмейтінін атап өтті. Негізгі басымдық цифрландыруға, процестерді автоматтандыруға, жасанды интеллект пен заманауи талдау құралдарын пайдалануға беріледі.

Жоспарды іске асыру экономиканың ашықтығын арттырып, көлеңкелі айналымды азайтуға, кәсіпкерлер үшін тең жағдай қалыптастыруға және бюджет кірістерінің тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз!