Алгин ауылдық округіне қарасты Қағадыр ауылында жаңа балалар ойын алаңы ашылды. Бұл игі іс аудан әкімі Бегзат Болатбековтің бастамасымен жүзеге асты.
Ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш пен үміттің символына айналған бұл алаңның ашылуы – әсіресе балалар үшін айтулы оқиға болды. Кішкентай тұрғындарға шаттық сыйлаған жаңа ойын алаңы — ауылдың бірлігін, тұрғындардың өзара қолдауын көрсететін нақты дәлел.
Алаң заманауи ойын жабдықтарымен қамтылған. Түрлі сырғанақтар, әткеншектер және балалардың еркін ойнап, көңіл көтеруіне арналған алаңдар бар. Түсі жарқын, көз тартарлық безендіруімен ойын алаңы ауыл көркіне көрік қосып, тұрғындардың назарын өзіне аударуда.
Балалар үшін бұл тек ойын алаңы ғана емес, достық қарым-қатынасты нығайтатын, қарым-қатынас дағдыларын дамытатын, жаңа достар табуға мүмкіндік беретін маңызды орта. Мұндай игі бастамалар ауыл ішінде береке мен бірлікті нығайтып, ортақ құндылықтарды дамытуға жол ашады.
Қағадыр ауылындағы шағын ғана ойын алаңында пайда болған қуаныш пен үміттің лебі, сөзсіз, ауыл тұрғындарын біріктіріп, алдағы уақытта өзге де ауқымды жобаларды жүзеге асыруға серпін береді.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ