Жамбыл облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) жанындағы Аналар кеңесі есепті мерзім ішінде белсенді жұмыс жүргізіп, жалпы саны 182 іс-шара өткізіп, 8 200-ден астам адам қамтылған, деп хабарлайды “Korday24news.kz” ақпараттық агенттігі .

Облыстық Аналар кеңесі республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында өңірлік деңгейде бірқатар әлеуметтік және тәрбиелік жобаларды жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, «Еліне азамат тәрбиелеген отбасы», «Ананың әні», «Ана көрген», «Әжемнің ертегісі», «Қолөнерім – мол өнер», «Анаммен бірге кітап оқимын», «Ақ орамал», «Айналайын», «Қауіпсіздік сағаты» сияқты түрлі бағыттағы жобалар арқылы халық арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен отбасы институтын нығайтуға айрықша үлес қосуда.

Сонымен қатар, республикалық «Салауатты сана» жобасы аясында қолға алынған «Барыңды бағала» атты вандализммен күреске бағытталған қоғамдық бастама да аймақта белсенді түрде жүзеге асырылып келеді.

Аналар кеңесінің бастамасымен іске асқан «Әжемнің ертегісі» жобасы шеңберінде Тараз қаласы мен облыстың барлық 10 ауданындағы 101 балабақшада ертегі оқу іс-шаралары ұйымдастырылып, оған 2 550 бала қамтылған. Ал Меркі ауданында кеңес мүшелері «Ананың әні» байқауын өткізіп, 18 бен 45 жас аралығындағы 10 үміткердің қатысуымен аналар шығармашылығын насихаттады.

ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің бұл бастамалары – өңірдегі отбасы құндылықтарын нығайтуға, ұрпақ тәрбиесін ұлттық тәрбие негізінде дамытуға, сондай-ақ мәдени мұра мен рухани бірлікті сақтау жолындағы маңызды әлеуметтік қадамдардың бірі. Кеңес жұмысы қоғамдағы татулықты арттыруға және қоғамдық сананы жаңғыртуға оң ықпалын тигізіп келеді.