Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай республика көлемінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда, деп хабарлайды  «Korday24news.kz»  ақпараттық агенттігі.

Қордай ауданындағы №7 Бетқайнар колледжінің базасында «Адал азамат. Кәсіби маман» атты облыстық форум өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, облыстық білім басқармасының өкілдері, колледж директорлары мен ардагерлер қатысты.

Форум аясында қонақтар колледждің оқу корпусы, жатақханасы, қолөнер және тігін цехымен танысты. Жатақхана 100 студентке арналған орындармен қамтылған, ал тігін цехы заманауи құралдармен жабдықталған.

Шараның ресми бөлігінде Жамбыл облысының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет және аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай сөз сөйледі.

Сонымен қатар, колледждің серіктесі – қытайлық «Шенси» ЖШС директоры Хуан Тао төрт жаңа мамандық ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Форум барысында еңбек озаттары марапатталды.

Іс-шара концерттік бағдарламаға жалғасып, қатысушылар колледждің материалдық-техникалық базасына оң бағасын берді.