Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Тілдерді оқыту орталығы» мемлекеттік тілді үйрету бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Соның аясында Сортөбе ауылдық округінде бірқатар игі бастамалар жүзеге асуда, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Жуырда Сортөбе ауылындағы «Достық» және «Бүлдіршін» бөбекжай-бақшаларының тәрбиешілері мен кіші қызметкерлері «Тілашар» бағдарламасын сәтті аяқтады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – қазақ тілін қарапайым деңгейде меңгеруге жағдай жасау, тілдік орта қалыптастыру және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру. Оқу курсын тәмамдаған тыңдаушыларға А1 (қарапайым) және В2 (ортадан жоғары) деңгейлері бойынша сертификаттар мен арнайы анықтамалар табысталды.

Сонымен бірге, ауылдық округ мешітінің жамағаты да аталған бағдарламаға қатысып, қазақ тілін үйренуге ынта танытты. Курс соңында олар да А1 деңгейінде тілді меңгергендерін растайтын сертификаттарға ие болды.

Мамандардың айтуынша, бұл шара тұрғындардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған нақты қадам болып отыр. Алдағы уақытта мұндай курстар өзге де ауылдық округтерде жалғасын таппақ.