Масаншы ауылдық округінде орналасқан «Қарақоңыз» су қоймасынан ақау анықталды. Нысанға Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков дереу барып, жағдаймен танысып қайтты, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агентігі.
Әкіммен бірге аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері мен су шаруашылығы саласының мамандары да оқиға орнында болды. Тексеру барысында су қоймасының су шығару арнасында жарық пайда болғаны белгілі болды.
Бегзат Болатбеков мәселенің мән-жайына толық қанығып, жағдайдың күрделілігін атап өтті.
— Бұл өте маңызды мәселе. Мұндай жағдайда сақтық шараларын күшейтіп, нысанды үнемі бақылауда ұстау қажет, — деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, Бегзат Болатбеков заңдылықты қарастырып, шұғыл шешім қабылдаудың қажеттігіне тоқталды. «Қарақоңыз» су қоймасы шамамен 40 жыл бұрын салынған және жобалық сыйымдылығы 8,45 миллион текше метрді құрайды.
Аудан басшысы ауылдық округ әкіміне және су шаруашылығы мамандарына нысанды жүйелі түрде қадағалап, жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар тиісті органдарға ресми хат жолдап, қажетті шығын көлемін есептеуді жүктеді.