Қордай ауданы пияз өндіру және сақтау бойынша ел көлемінде алдыңғы қатарда. Масаншы ауылында бұл бағытта бірнеше заманауи қойма жұмыс істеп тұр, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі

Масаншыдағы «Раби» шаруа қожалығы қазір жеті қойманы тұрақты пайдалануда. Оның екеуі 2025 жылы іске қосылған. Қоймалардың жалпы сыйымдылығы 36 мың тоннаға жуық.

Нысандар заманауи технологиямен жабдықталған. Бұл өнімнің сапасын сақтап, ұзақ уақыт бұзылмай тұруына мүмкіндік береді.

Биыл қыс мезгілінің жылы өтуіне байланысты экспорт жұмыстары ерте басталған. Негізгі көлем Ресей қалаларына жөнелтіліп жатыр.

Ауыл аумағында 107 шаруа қожалығы өз өнімдерін осындай қоймаларға орналастырады. Сонымен қатар, жеке үй шаруашылықтарында 50-100 тоннаға дейін сақтайтын шағын қоймалар бар.

Қазіргі таңда жеке қосалқы шаруашылықтардан күніне 5-6 жүк көлігі 21 тоннадан тасымалдауда. Жалпы Масаншы аумағындағы сақтаулы пияз көлемі 246 500 тоннаға жеткен.

Заманауи қоймалардың көбеюі өнімді ысырапсыз сақтауға және нарыққа үздіксіз шығаруға жол ашып отыр.