«AMANAT» партиясының аудандық филиалында өткен қабылдау шарасында, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың өзекті сұрақтарын тыңдап, оларға көмек көрсету болды. Қабылдауға келген азаматтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу, жер телімдерін рәсімдеу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, қаржылай көмек алу және өзге де жеке мәселелер бойынша сұрақтарын жеткізді.

Аудан әкімі барлық мәселелерді мұқият тыңдап, шешу жолдарын қарастыруға бағыт берді. Мысалы, Қордай ауылының «Шығыс» ықшам ауданында тұратын көп балалы ана өз және жолдасының жұмыссыз екенін айтып, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алу мүмкіндіктерін сұрады.

«Бүгін көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайды. Тиісінше хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынады», — деді Бегзат Болатбеков.

Аудан әкімінің айтуынша, заңнамаға сәйкес азаматтардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып көмек көрсету жолдары қарастырылады. Тиісті бөлімдерге әр мәселені заң аясында қарап, қолдау шараларын ұйымдастыру тапсырылды.

Тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері жинақталып, арнайы хаттама құрылып, алдағы уақытта аудан әкімдігі жүзеге асыратын іс-шаралар жоспарына енгізілетіндігі хабарланды.

Қабылдау барысында Бегзат Болатбеков тұрғындармен сұхбаттасып, олардың нақты қажеттіліктері мен талап-тілектерін назарға алды. Кездесу соңында аудан басшысы әрбір азаматтың мәселесіне ашықтықпен қарау қажеттігін атап өтті.

Аудан әкімдігі халықпен тығыз байланыста болып, әлеуметтік қолдауды арттыру бағытында жұмыс істемек. Мұндай кездесулер тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдау және өзекті мәселелерді шешу үшін ұйымдастырылады.