Қордай ауданында қол добы, яғни гандбол спорты қарқынды дамып келеді.   Бүгінде Сарыбұлақ ауылындағы спорт кешенінде 40-тан астам бала осы спорт түрімен   шұғылданады. Жас спортшылар биыл республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған.

Гандбол – командалық спорт түрі. Алаңға қақпашыны қоса есептегенде жеті ойыншы шығады. Доп қолмен ойналады, ал оны аяқпен тебуге болмайды.  Жергілікті гандболшылар биыл бірнеше жарысқа қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен.

–  Биыл Қаскелеңде өткен республикалық жарыста бірнеше жүлделі орынға ие болдық. Үш рет бірінші орын алдық. Кіші топтағы спортшыларымыз да екі рет екінші орынға тұрақтады. Қырғызстанда өткен халықаралық турнирде үшінші орын алдық. Ал облыстық жарыста жетінші және сегізінші сынып оқушылары үшінші орын иеленді, – дейді жаттықтырушы Сұлтан Османова.

Жаттықтырушының айтуынша, команда үшін биылғы жылдың басты мақсаттарының бірі – ел біріншілігінде жүлделі орынға ие болу.

Футбол бұқара арасында кең тараған спорт түрі болғанымен, Сарыбұлақта гандболға қызығатын балалардың қатары да көбейіп келеді. Мамандар бұл спорттың балалардың шапшаңдығын, ептілігін және командалық әрекетін дамытуға мүмкіндік беретінін атап отыр.