9 қыркүйек – Дүниежүзілік тоғызқұмалақ күні. Ұлттық ойын бүгінде әлемнің 50-ден астам елінде ойналады. Қордай ауданында да тоғызқұмалақты серік еткен жүздеген бала бар.

Тоғызқұмалақ – терең ойлануды, тапқырлық пен шапшаң шешім қабылдауды қажет ететін ұлттық зияткерлік ойын. 2020 жылы ЮНЕСКО тоғызқұмалақты адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының Репрезентативтік тізіміне енгізді. Қазір ұлттық ойынның дамуына Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы үлес қосып келеді.

Қордай ауданында да тоғызқұмалақтың дамуына көңіл бөлініп отыр. Жергілікті спортшылар облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда бақ сынап жүр.

Солардың бірі – Гүлдәурен Жанқабыл. Ол тоғызқұмалақпен бірінші сыныптан бастап айналысады. Осы уақыт ішінде бірнеше рет облыс чемпионы атанып, ауданаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған.

– Тоғызқұмалақ маған көптеген мүмкіндік ашты. Осы ойынның арқасында Қазақстанның көптеген қалаларына барып үлгердім. Тоғызқұмалақ басқа спорт түрлеріне қарағанда адамның ең алдымен логикасын дамытады. Сонымен қатар тез ойлау қабілетін арттырады», – дейді спортшы.

Қордайда балаларға тоғызқұмалақ үйретіп жүрген жаттықтырушылардың бірі – Мәди Шарап. Ол шәкірттеріне ұлттық ойынды 2005 жылдан бері үйретіп келеді.

– Тоғызқұмалақ мектебімізде пайда болғалы 21 жыл болды. Сол уақыт ішінде ауыз толтырып айтатындай жетістіктерге жеттік. Балалар облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардан жүлделі орындар алып жүр. 21 жылдың ішінде 27 спорт шеберлігіне кандидат дайындадық, – дейді жаттықтырушы.

Бүгінде тоғызқұмалақшылар халықаралық деңгейдегі жарыстарда да ел намысын қорғап жүр. Ұлттық ойын өкілдері екі жылда бір рет өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, өзара мықтыны анықтайды.