Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен кездесті, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Кездесу барысында Президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтіп, кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға еліміздің мүдделі екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды минералдар мәселесіне арналған C5+1 диалогына Серджио Гордың қатысуын жоғары бағалап, бұл Вашингтонның Қазақстан мен жалпы Орталық Азия өңірімен ынтымақтастыққа ерекше мән беретінін көрсететінін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы арнайы өкілдің екіжақты байланысты дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Президент осы орайда АҚШ басшысы Дональд Трампқа жылы лебізі мен ізгі тілегін жолдап, жыл соңына дейін кездесуге ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырғаны үшін алғыс айтты.
Өз кезегінде Серджио Гор кездесу ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдіріп, Дональд Трамптың сәлемін жеткізді. Оның айтуынша, Ақ үй Қазақстанмен өзара тиімді әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөледі.
Арнайы өкіл кейінгі бір жылдың өзінде АҚШ пен Орталық Азия елдері арасында 20 миллиард доллардан астам келісім жасалғанын айтып, бұл көрсеткіш алдағы уақытта да өсетініне сенім білдірді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың G20 саммитіне қатысатынына қуанышты екенін жеткізді.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін, сондай-ақ аса маңызды минералдар, көлік және логистика, цифрландыру секілді бағыттардағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Әңгіме барысында Қазақстан тең құрылтайшыларының бірі саналатын Бейбітшілік кеңесінің жұмысына да назар аударылды. Мемлекет басшысы еліміздің халықаралық тұрақтылықты нығайтуға және гуманитарлық бастамаларды қолдауға дайын екенін мәлімдеді.
Кездесу соңында тараптар қазақ-америка серіктестігін одан әрі дамытуға өзара қызығушылық танытып отырғандарын растады.

