Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдап, министрліктің өткен жылғы жұмысы мен биылғы бес айдағы қызметінің қорытындылары жөніндегі есебін тыңдады, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Кездесу барысында министр әлеуметтік міндеттемелердің толық көлемде орындалып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, 2025 жылы зейнетақы, базалық жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдерге 5,9 триллион теңге бағытталған. Ал осы жылдың алғашқы бес айында бұл мақсатқа 2,7 триллион теңге жұмсалған.

Президентке мүгедектігі бар азаматтарды қолдау және оларды жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да таныстырылды. Биыл 12 мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар азамат еңбек нарығына тартылған. Сонымен қатар жыл соңына дейін мүгедектікті белгілеу үдерісіне арналған цифрлық талдау жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсартып, өңірлерде жеті жаңа оңалту орталығын ашуды тапсырды. Бұл бастама ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Кездесуде халықты жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бүгінде республика бойынша 201 мыңға жуық адам тұрақты табыс көзін тапқан. Олардың ішінде 74,9 мың жас бар.

Сондай-ақ биыл әлеуметтік аударымдарды тұрақты жүргізетін, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтайтын және лайықты жалақы ұсынатын орнықты жұмыс орындарының санын 3,1 миллионға дейін жеткізу міндеті қойылғаны айтылды.

Жасанды интеллект технологияларын пайдалану аясында Маңғыстау және Павлодар облыстарында «Жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі» жобасы пилоттық режимде іске қосылмақ.

Министр еңбек қатынастарын жетілдіру бағытында қолға алынған шаралар жөнінде де баяндады. Қазіргі таңда электронды форматта 6,7 миллион еңбек шарты рәсімделген. Сонымен қатар 118 мыңнан астам қызметкер міндетті сақтандыру жүйесімен қамтылған. Еңбек инспекторларының араласуымен 22 мыңнан аса жұмыскердің құқығы қорғалған.

Бұдан бөлек, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін кәсіптік тәуекелдерді анықтау, оқыту үдерістерін цифрландыру және еңбекақының төмен деңгейін айқындауға арналған жаңа цифрлық шешімдерді енгізу көзделген.

Кездесу соңында Президент саланы одан әрі цифрландыру, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау және әлеуметтік масылдықтың алдын алу бағытында нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы қабылданатын барлық шешім мен жүзеге асырылатын шаралардың түпкі мақсаты халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуы керектігін атап өтті.