Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Кездесуде екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту мәселелері сөз болды. Президент Саида Мирзиёеваның Астанаға сапары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстанның Орталық Азиядағы тұрақтылық пен өңірлік ықпалдастықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын айтты. Оның сөзінше, екі мемлекет те дамудың жаңа кезеңіне қадам басқандықтан, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ерекше маңызға ие.
Мемлекет басшысы сондай-ақ 2026 жылдың Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанына тоқталып, Өзбекстанның бұл бағыттағы жетістіктерін жоғары бағалады.
Өз кезегінде Саида Мирзиёева Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің сәлемін жеткізіп, екі ел арасындағы көпжақты байланысты тереңдетуге ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Ол Қазақстанды Өзбекстанның сенімді серіктесі әрі одақтасы ретінде атап өтті.
Кездесу барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде пікір алмасу болды.

