Қордай ауданында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылып келеді. Бүгінде ауданда 37 кітапхана жұмыс істейді. Оларда 47 маман қызмет етіп, 34 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетеді. Кітапханалардың жалпы қоры 354 мыңнан асады.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Мәдина Жүнісқұлованың айтуынша, әсіресе жастарды кітап оқуға тартуға басымдық беріліп отыр.
– Біз кітапхананы жастардың білім алып, шығармашылықпен айналысып, пікір алмасатын заманауи ортаға айналдыруға тырысып келеміз. Жастарды кітап оқуға тарту және қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында көптеген жоба мен акция аясында іс-шаралар өткізіледі. Атап айтқанда, «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы, «Ел болып оқимыз», «Жазушымен бір күн» жобалары аясында түрлі форматтағы кездесулер ұйымдастырылып келеді, – дейді Мәдина Жүнісқұлова.
Кітапханаға тұрақты келетін оқырмандардың арасында аға буын өкілдері де бар. Солардың бірі – Сағат Алдабергенов. Сексеннің сеңгіріне шыққан оқырман кітап оқуды әлі де күнделікті әдетінен қалдырмаған.
Сағат Алдабергенов бес жасында хат танып, бала кезінен үйдегі үлкендерге жыр-дастан, қисса мен ертегілер оқып берген. Жылдар өтсе де, кітапқа деген қызығушылығы сейілмеген.
– Ұрпағы кітап оқымаған мемлекетте келешек жоқ деген. Сондықтан кітап оқу керек. Білімнің бәрі кітапта. Телефоннан оқығанның бәрі ертең ұмытылады. Ал кітапты алып, қайта қарайсың, ұнаған жерін қайта оқисың. Кітап – білімнің бұлағы. Мұны Абай да айтып кеткен, – дейді Сағат Алдабергенов.
Кітапханаға келетін жастардың да қатары аз емес. Солардың бірі – Алуа Мейірбек. Ол кішкентай кезінен кітап оқуға әуес екенін айтады. Жас оқырман әсіресе балалар мен жасөспірімдер кітапханасына тұрақты барып тұрады.
– Кітап оқу маған жаңа ой, жаңа білім, жаңа сана береді. Сонымен қатар сөздік қорымды дамытады. Жастарды да кітап оқуға шақырамын, – дейді Алуа Мейірбек.
Жас оқырмандардың қызығушылығы жанр таңдаудан да байқалады. Арсен Иманбаев бала кезінде ертегі оқыған болса, қазір роман мен повестерге көбірек көңіл бөледі. Оның айтуынша, кітап оқу адамға күнделікті күйбеңнен бір сәт алыстап, шығарма мен автордың ойын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл Мемлекет басшысының бастамасымен «Кітап оқитын ұлт» жобасы басталды. Жоба аясында «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» атты бес бағыт бойынша байқау ұйымдастырылып жатыр. Байқауға тіркелу қыркүйек айының басында басталған.

