Қордайлық жас спортшы Мейірлан Бейсехан бокстан облыс чемпионы атанды. Ол 66 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, аудан намысын абыроймен қорғады.
Мейірлан Бейсехан – Қордай ауылындағы №17 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Спортқа бала кезінен қызыққан жасөспірім бокспен 9 жасынан бастап айналысады. Оған дейін дзюдомен шұғылданған.
– Мені боксқа туған ағам Жасұлан алып келді. Кішкентай кезімнен боксқа қызығушылығым болатын. Бұған дейін дзюдомен айналыстым. Кейін ағам осы боксқа алып келді, – дейді Мейірлан Бейсехан.
Жас спортшы үшін чемпиондық атақ – үлкен мақсаттарға бастар жол. Ол алдағы уақытта әлем және Олимпиада чемпионы болуды көздейді.
– Мен кішкентай кезімнен түрлі спортқа қызықтым. Боксқа келгеннен кейін әкемнің, ата-анамның және ағамның үмітін ақтағым келеді. Алдағы уақытта әлем чемпионы болу, ең бастысы – Олимпиада чемпионы атану – мақсатым, – дейді спортшы.
Мейірлан жаттығатын №17 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бүгінде 8 үйірме жұмыс істейді. Мұнда 7 жаттықтырушы балаларға бокс үйретеді. Жалпы спорт мектебінде 230-дан астам бала былғары қолғапты серік еткен.
Спорт мектебінің директоры Талғат Насырдың айтуынша, Мейірланның биылғы жетістігі мұнымен шектелмейді. Ол Қазақстан чемпионы атанып, Азия чемпионатына қатысқан.
– Осы 237 баланың ішінде Мейірлан Бейсехан биыл Қазақстан чемпионы атанды. Азия чемпионатына қатысты. Биыл қайтадан облыс чемпионатында жеңіске жетті. Енді зоналық жарыстарға барады. Онда да жеңіске жетсе, Қазақстан чемпионатына жолдама алады, – деді Талғат Насыр.
Алдағы жарыстарда да аудан намысын қорғауға ниетті жас боксшы дайындықты күшейтпек. Оның ендігі мақсаты – келесі кезеңдерден сүрінбей өтіп, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда Қордайдың атын шығару.

