Алматыда  LEZ –  қалдық  деңгейі төмен аймақ  пилоттық режимде жұмыс істей бастады.  Жоба 2026 жылдың сәуір айында іске қосылды. Аймақтағы реттеу жұмыстарын «Алматы паркинг» операторы жүргізеді. Мамандар экологиялық талаптардың қалай жүзеге асатынын және оның жүргізушілерге әсерін түсіндірді.

LEZ талаптары тек автокөліктерге қатысты емес. Аймақта қатты немесе сұйық отын пайдаланатын кәсіпорындар, жеке сектор нысандары және басқа да тұрақты ластаушы көздер де бақылауға алынады. Сонымен қатар азаматтық мақсаттағы пиротехниканы қолдануға шектеу қойылады.

Экологиялық талаптардың көлікке қатысты бөлігіне ерекше мән беріліп отыр. Себебі Алматыдағы қалдықтардың   шамамен 60 пайызы көлік құралдарының үлесіне тиеді. Ал әзірге жылжымалы ластаушы көздерге толыққанды экологиялық бақылау тетігі қалыптаспаған.

Мамандардың айтуынша, көліктің жасы оны пайдалануға тыйым салуға негіз болмайды. Негізгі өлшем – техникалық жағдайы мен нақты қалдық көлемі. Сондықтан ескі болғанымен, техникалық тұрғыдан жарамды көлік белгіленген талапқа сай келуі мүмкін. Керісінше, жаңа көліктің де ақауы болса немесе катализаторы алынып тасталса, қалдық қалыпты деңгейден асып кетуі ықтимал.

Алдағы уақытта көліктерге арнайы техникалық тексеру енгізу жоспарланып отыр. Бұл қолданыстағы техникалық байқаудан бөлек жүргізіледі. Тексеру көліктің жасына немесе қозғалтқышының түріне қарамай, бензин, дизель және газбен жүретін барлық көлікке ортақ болады. Сараптама кезінде пайдаланылған газдың уыттылығы немесе түтін мөлшері, сондай-ақ катализатордың бар-жоғы тексеріледі.

Экологиялық талаптарды кейін Алматы қаласымен шектемей, Алматы агломерациясының аумағына да енгізу ұсынылып отыр. Өйткені қала ауасының сапасына Алматыдан тыс орналасқан шығарындылар көздері де әсер етеді.