Қордай ауданында «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» тақырыбында жиын өтті. Басқосуда аға буынның өмірлік тәжірибесін жастар тәрбиесіне бағыттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және кейінгі буынның бойына елжандылық пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіру мәселелері сөз болды.
Жиынға аудандық және облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, имамдар, ауыл әкімдері және мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Жиынды ашқан Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл өскелең ұрпаққа өнеге көрсету аға буынның маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қоғамда адалдық, еңбекқорлық, отаншылдық қағидаттарын орнықтыруға ерекше мән беріп отыр. Бұл ұстанымдар тек сөз жүзінде емес, әр адамның күнделікті ісінен көрініс табуы керек. Біздің міндетіміз – қалыптасқан жақсы дәстүрлерді сақтап қана қоймай, оларды жаңа буынның санасына заманауи тәсілдермен енгізу, – деді Нұрболат Сатымқұл.
Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаңабай Миллионов ұрпақтар сабақтастығының негізі аға буынның көрген-білгенін жастарға жеткізуде екенін айтты.
– Ұрпақтар сабақтастығы – халқымыздың ең жақсы қасиеттерін кейінгі ұрпаққа сіңіру. Үлкендердің негізгі міндеті – жастарға жақсы әңгіме айтып, өнеге көрсету, ұлағатымызды білдіру. Өткен өмір жолымызды айтып, содан балалар сабақ алып өссе деген ниеттеміз, – деді Жаңабай Миллионов.
Жиында «Ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық құндылықтар» бағдарламасының мақсаты да таныстырылды. Бағдарлама ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен даналығын жастар тәрбиесіне бағыттап, аға және кейінгі буын арасындағы байланысты нығайтуды көздейді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбеттің айтуынша, жоба аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы институтын нығайту, жастарды адал еңбекке, білімге, отансүйгіштікке және қоғамдық жауапкершілікке тәрбиелеуге басымдық беріледі.
– Бағдарламаның негізгі мақсаты – ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен даналығын жастар тәрбиесіне бағыттап, ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы институтын күшейту, жастарды адал еңбекке, білімге, отансүйгіштікке және қоғамдық жауапкершілікке тәрбиелеу, – деді Біржан Әлімбет.
Басқосу барысында үлкенді құрметтеу, сәлемдесу әдебі, дінді дұрыс түсіну, отбасы құндылықтары және кітап оқудың маңызы да талқыланды.
Жиынның негізгі мақсаты – аға буын мен жастар арасындағы байланысты күшейтіп, өмірлік тәжірибені кейінгі ұрпақ тәрбиесіне тиімді пайдалану.

