№59 мекемесінде сотталғандарды еңбекпен қамту мәселелері талқыланды
2026 жылғы 21 қыркүйекте Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №59 мекемесінде жеке кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.
Жиынға облыс прокуратурасының 5-басқармасының прокуроры Есенбек Нұрлан Қайратұлы, Оңтүстік аймағының әскери прокуратурасының прокуроры әділет аға лейтенанты Қадыр Дәурен Ғабитұлы, штаб бастығы – бөлім командирінің бірінші орынбасары полковник Зарипов Құрмет Серікұлы, сондай-ақ №59 мекемесінде еңбек қызметін жүзеге асырып жатқан жеке кәсіпкерлер мен мекеме өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – сотталғандарды еңбекпен қамту деңгейін арттыру, еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету және өндірістік жұмыстарды тиімді ұйымдастыру мәселелерін талқылау.
Жиын барысында жеке кәсіпкерлермен еңбек қызметін атқаратын сотталғандарға еңбекақы төлеу тәртібі және оның қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігі қаралды. Сонымен қатар еңбекке қабілетті сотталғандарды ақылы жұмыстарға тарту және еңбекпен қамту көрсеткіштерін арттыру жолдары талқыланды.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің өндірістік материалдары мен дайын өнімдерін тасымалдауды ұйымдастыру, тасымалдау уақыты мен көлемін нақтылау мәселелері қарастырылды.
Кездесуде жеке кәсіпкерлер мен «Еңбек-Тараз» РМК тарапынан қалыптасқан коммуналдық шығындар бойынша берешектерді реттеу мәселесіне де назар аударылды.
Қатысушылар өзара пікір алмасып, көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстарын білдірді. Жиын қорытындысы бойынша сотталғандарды еңбекпен қамтуды одан әрі арттыру, еңбек қатынастарын заң талаптарына сәйкес жүргізу және өндірістік жұмыстарды тиімді ұйымдастыру бағытында тиісті міндеттер айқындалды.
Сотталғандарды еңбекке тарту олардың пайдалы еңбек дағдыларын қалыптастыруға, әлеуметтік бейімделуіне және қоғамға қайта кірігуіне жағдай жасайтын маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру мақсатында мемлекеттік органдар, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері және жеке кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимыл алдағы уақытта да жалғасын табады.

