Қостанай қаласында жасөспірімдер арасында өткен футбол додасында топ жарған Қордай ауданының тумасы Арген Болат Қазақстан чемпионы атанды. Степной ауылының жас футболшысы бүгінде №18 спорт мектебінде жаттығады – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Арген Болат спортқа бала күнінен  қызыққан. Оның футболға келуіне достары сеп  болыпты. Алғаш жаттығуға қатысқаннан кейін бұл спортқа деген қызығушылығы арта түскен. Қазір жас футболшы бірнеше жарыстың жеңімпазы әрі жүлдегері атанып үлгерген.

– Футболға досым шақырды. Осы футболға келіп, жаттығулары ұнады. Содан кейін футболды жақсы көрдім. Мені кішкентай кезімнен ағам үйретіп бастады. Жаттығуларға келіп, ойнап жүрдім. Сосын жарыстарға барып, көптеген медаль алдым. Көптеген жетістікке жеттім. Кубок алдым. Осы команданы жақсы көріп, көптеген жетістікке жеттім, –   дейді футболшы Арген Болат.

Бүгінде спорт мектебіндегі бұл командада 60-қа жуық бала бар. Құрама республикалық, облыстық және аудандық жарыстарда бірнеше рет топ жарып, жүлделі орындардан көрінген. Жас футболшыларды 18 жылдан астам тәжірибесі бар жаттықтырушы Сергей Атанов баптайды.

Бапкердің айтуынша, командадан бірнеше жеткіншек үлкен футболға жолдама алған.

–  Бір шәкіртіміз Талдықорған қаласындағы спорт интернатына, ал тағы бір баламыз Алматыда «Жас Қыран» командасында өнер көрсетіп жүр. 2014 жылғы құрама мүшесі Болат Арген жақында Қазақстан чемпионы атанды. Алдағы уақытта оны «Қайрат» клубының академиясына іріктеуге алып баруды жоспарлап отырмыз, – дейді жаттықтырушы Сергей Атанов.

Бапкердің сөзінше, жасөспірімдердің ала допқа қызығушылығы жоғары. Арген Болат та өз достарымен бірге алдағы жарыстарда жеңімпаз атануды мақсат тұтады.