Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барып, «КЭМА Агро» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Министр қант қызылшасын жинау барысын да бақылады, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Ботамойнақ ауылдық округінде орналасқан «КЭМА Агро» шаруа қожалығы 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Негізгі бағыты – егін шаруашылығы. Биыл шаруашылық қант қызылшасына 80 гектар жер бөліп, заманауи агротехнологияларды қолданған. Өндірістік жұмыстарға жеті жаңа ауыл шаруашылығы техникасы тартылған.

Кездесуде фермерлер мемлекеттік қолдау мәселесін көтерді. Шаруалардың айтуынша, биыл қант қызылшасын өсіруге жұмсалатын шығын артқан. Сондықтан «Кең дала» бағдарламасы арқылы алған несиені өтеу үшін субсидияның уақытылы берілуі маңызды мәселеге айналған.

– Сіздер екі-үш жыл бұрын сұрақ қойған болатынсыздар. Оның бәрі «Кең дала» бағдарламасынан басталды. Қазір Үкімет кепілдігі 85 пайызға дейін беріліп жатыр. Көп мәселе шешілді. Енді сіздер нәтижеге жетулеріңіз керек, – деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Фермерлердің субсидия көлеміне қатысты сауалына министр мәселенің жыл сайын әкімдікпен бірге қаралатынын айтты. Оның сөзінше, биыл да бұл мәселе шешіледі, алайда рәсімдеу жұмыстары біраз уақыт алуы мүмкін.

Жамбыл облысында дәнді және бұршақты дақылдарды жинау жұмыстары алқаптардың 93 пайызында аяқталған. 351 мың гектардан орта есеппен гектарына 19,8 центнер өнім жиналып, жалпы 700 мың тонна астық бастырылған.

Биыл облыста қант қызылшасы алқабын ұлғайтып, 9,9 мың гектардан 450 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр.