Жамбыл облысында жыл басынан бері өндіріс орындарында 52 жазатайым оқиға тіркелген. Оның тоғызы өліммен аяқталған. Мамандар бұл көрсеткіштің өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп екенін айтады. Жұмыс орнында қауіпсіздік шараларының сақталуы аймақ басшысы өткізген аппарат отырысында талқыланды – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Жамбыл облысындағы өндірістік аймақтарда жұмыскерлердің жарақат алу жағдайлары жиі тіркеліп отыр. Нақты айтсақ, биыл 9 адам қаза тапқан. Мамандардың сөзінше бұған жұмыстың жүйесіздігі мен зардап шеккендердің абай болмауы себеп болып отыр. Арыз-шағымдар негізінде жауапты мамандар алты рет жоспардан тыс тексеру жүргізген.
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Талғат Байзақовтың айтуынша, жалпы 632 қауіпті өндірістік нысан зерделенген.
– Жалпы 632 қауіпті өндірістік нысан зерделеніп, оның барысында өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелері нормаларының 796-сы бұзылғаны анықталды. Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша 53 заңды тұлға және 22 тұлғаға әкімшілік іс қозғалып, 136 250 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды, – деді Талғат Байзақов.
Аппарат отырысында аймақ басшысы әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынған нысандарда заң бұзушылықтардың қайталанған-қайталанбағанын сұрады.
Бұған жауап берген Талғат Байзақов кәсіпорындар жылына бір рет тексерілетінін айтты.
– Жылына бір мәрте тексеріліп, кәсіпорындардың барлығы міндетті орындалуын белгіленген мерзімде хабарландыру беріп отыр. Бір кәсіпорынның хабарламасы енді келді. Қалған кәсіпорындардың барлығына фотосурет, дәлелдеуші материалдар өз орнында, – деді ол.
Өндірістегі жарақат үшін кәсіпорын басшылары әкімшілік, қылмыстық және материалдық жауапкершілікке тартылады. Жазаның түрі мен қатаңдығы жарақаттың ауырлығына және жұмыс берушінің кінәсіна қарай анықталады.
Жалпы республика бойынша 744 жазатайым оқиға тіркелген. Оның ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан 14 адам қаза болған.
Махаббат Құсайын

