Президент – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы Айтқұрман Омарбековті және Қорғаныс министрінің орынбасары Татьяна Савельеваны қабылдады, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына Қарулы күштердің қазіргі қызметі мен жауынгерлік әзірлігі, әскери даярлықты қаржыландыру және Қорғаныс министрлігі бюджетінің орындалуы туралы есеп берілді.
Сондай-ақ әскердің жұмылдыру дайындығы, әскери қызметшілердің жағдайы, бөлімшелердің күнделікті қызметі мен армияның негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Әскерді басқару жүйесін жетілдіру, шешім қабылдау жеделдігін арттыру, әскери резервті даярлау және жұмылдыруды жоспарлау мәселелеріне де назар аударылды. Бұдан бөлек, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, қаржылық бақылауды күшейту және шығыстардың нәтижелілігін бағалау тәсілдері қарастырылды.
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету, армияның басым қажеттіліктерін қаржыландыру және бюджет қаражатын ұтымды пайдалану бойынша бірқатар тапсырма берді.
