Премьер-министр Олжас Бектенов Экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізіп, экономиканы дамыту мәселелерін талқылады. Жиында халықаралық сарапшылардың ұсыныстары тыңдалды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қатысушылар әлемдік нарықтардағы ахуалды, экономикалық өсімді ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру және халықтың әл-ауқатын тұрақты жақсарту мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ экономиканың құрылымын нығайту, шикізаттық емес секторды әртараптандыру және өнеркәсіптік саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтылды. Сарапшылар шетелдік инвестиция тарту мен жеке кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау жолдарын қарастырды.
Бұдан бөлек, өңірлердің өнеркәсіптік мамандануын дамыту, экспорттық әлеуетті кеңейту, стратегиялық инвесторларды тарту және жеке капиталдың экономикадағы үлесін арттыру мәселелеріне назар аударылды.
Жиын қорытындысында Премьер-министр жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ұсыныстарды талдап, тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

