2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда мемлекеттік көмек беру тәртібі өзгереді. Енді азаматтардың әл-ауқаты бес санатқа бөлініп, жәрдемақы тек табысы төмен әрі шынымен мұқтаж отбасыларға берілмек. Ал 522 мың азамат мемлекеттік қолдаудан қағылуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов Құрылтай отырысында мәлімдеді – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Құрылтай отырысында министрлер мен депутаттар алдағы үш жылға арналған бюджетті талқылады. Жиында Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік төлемдерге қатысты жаңа тәртіп туралы айтты. Оның сөзінше, 2027 жылдың басынан бастап мемлекеттік көмек көрсету қағидаты толық іске қосылады. Негізгі мақсат – қолдауды шын мұқтаж жандарға бағыттау.

– Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл қағидат толыққанды жұмыс істейтін болады. Қазір ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде көпбалалы отбасы бай болсын, кедей болсын, мемлекеттен бірдей қолдау алады. Біздің ойымызша, бұл – әділетсіз. Бай, ауқатты, өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтар мемлекеттен көмек алмауы керек. Олар өз күшіне сенсін, – деді Олжас Бектенов.

Жаңа тәртіп бойынша халықтың әл-ауқаты «А»-дан «Е»-ге дейінгі бес санатқа бөлінеді. Соның ішінде 522 мың азамат «А» және «Б» санаттарына, яғни ауқатты отбасылар тобына жатқызылмақ. Олар мемлекеттік жәрдемақыдан қағылады. Ал «С», «D» және «Е» санаттарындағы табысы төмен әрі мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетіледі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, отбасылардың әл-ауқат санаты деректер базасы арқылы тұрақты түрде жаңартылып отырады. Бұл азаматтардың жағдайы өзгерген кезде мемлекеттік қолдауды уақытылы тағайындауға мүмкіндік береді.

– 30 дерекқормен интеграция күн сайын жаңартылып отырады, ал санат ай сайын анықталады. Мысалы, егер қазан айында отбасы «Б» санатында болып, белгілі бір тәуекелдерге байланысты желтоқсанда «С» санатына өтсе, онда осы отбасыға мемлекеттік қолдау шаралары бірден, проактивті түрде тағайындалады, – деді министр.

Үкімет жәрдемақы беру тәртібін өзгерту арқылы үш жылда 2,5 триллион теңге үнемдеуді көздеп отыр. Құрылтайда мақұлданған бюджет жобасына сәйкес, үнемделген қаражат шынымен мұқтаж азаматтарды қолдауға және елдің дамуына бағытталады.

Ал жалпы бюджеттен білім беру, ғылым және медицина салаларына 10,5 триллион теңге бөлінбек. Сонымен қатар 2027 жылдың соңына дейін елді мекендердің 92 пайызы сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған.

Бекзат Әшірбай